×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тұрлыхановтың ұлының ісі: сот кейінге шегерілді

18.10.2024, 19:55
Тұрлыхановтың ұлының ісі: сот кейінге шегерілді
Коллаж Ulysmedia

Алматыда мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот отырысы шегерілді. Ол жақында тойға барып, бостандығын шектеу шартын бұзған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АДВОКАТТЫҢ КЕЛМЕУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ 

Нұрасыл Болатқа қатысты жазаны бостандығын шектеуден бостандығынан айыруға ауыстыру туралы пробация қызметінің өтініші Алматы қаласы Медеу аудандық № 2 сотында қаралуда. Істі қараушы судья ретінде Қанат Арынов тағайындалды.

18 қазанға белгіленген сот отырысы адвокат Құсайынованың келмеуіне байланысты өтпей қалды. Адвокат Болаттың мүдделерін қорғайды, ол басқа іске байланысты сол уақытта процеске қатыса алмайтынын айтып, сотты кейінге қалдыру туралы өтініш жіберген. Судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын 21 қазанға шегерді.

НҰРАСЫЛ БОЛАТТЫҢ ІСІ

2023 жылдың 11 ақпанында әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан.

2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты депутаттың ұлына 1 млн 720 мың теңге айыппұл салған. Бұдан басқа, жәбірленушілердің пайдасына 1 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы және өкілдің қызметтеріне ақы төлеу бойынша 1,6 млн теңге сомасында шығын өндірілді. Зардап шеккен тараптың адвокаттары судьяның шешімімен келіспей, шағым түсіріп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Осылайша, бірнеше инстанцияда қаралған іс жоғарғы сотқа жетіп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрасыл Болатқа екі жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Сондай-ақ, моральдық зиянды өтеу сомасы әрқайсысына 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.