×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Сыныптасым, жаның жәннатта болсын!» Трагедиядан кейінгі Талғар

19.10.2024, 01:15
«Сыныптасым, жаның жәннатта болсын!» Трагедиядан кейінгі Талғар
Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz  тілшілері Талғарға барды. Бүгінде қанды оқиға болған Қамажай дүкенінің алды марқұмға арналған шағын бұрышқа айналған. Қабырғасы қайысқан жұрт осында келіп марқұмды еске алып, құран бағыштайды, гүл шоқтарын, ойыншық, тәттілер қояды. Қайғылы оқиға орнына келушілер аяғы әлі де басылмаған.

ҰСТАЗЫ ЕСТЕЛІКПЕН БӨЛІСТІ

Қаралы ауылды кезіп жүрген бір ғана әңгіме болғанымен ол туралы айтуға адамдар қашқақтайды. Тіпті марқұмның көршілері де камераға сөйлеуге құлықсыз. Тек Шерзат оқыған мектеп директорының міндетін атқарушы  марқұм оқушы туралы естелікпен бөлісті.

“Біздің мектебіміз 2016 жылы ашылған, Шерзат содан бері біздің мектепте оқып келе жатқан. Екінші сыныпта келді. Қойған нақты мақсаты бар, болашағынан үміт күттіретін оқушыларымыздың бірі болатын. Бос уақытында спортпен шұғылданғанды жақсы көретін. Болашақта әскери адам боламын деп военный академияға тапсыруға өзін дайындап жүрген”, - дейді Айнара Ұзақбаева. 

КИКІЛЖІҢГЕ КЕЛМЕГЕН ОҚУШЫ

Мұғалімнің сөзінше, мектеп ұжым бұған дейін Шерзаттың басқа балалармен кикілжіңге келгенін көрмеген.

“Бір рет те Шерзаттың басқа балалармен жанжалдасқанын көргеніміз жоқ. Ақкөңіл, ақжарқын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын балалалардың бәрін өзіне дос санайтын, тіл табыса алатын бала болатын”,- деді ұстазы.

ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІ АЛАҢ

Талғар тұрғындары, әсіресе жасөспірім баласы барлар олардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

“Балалар үшін қорқамыз ғой. Бір жаққа кетсе звондаймыз, кешіксе артынан шығамыз”, – дейді қала тұрғыны.

Ал қанды оқиғадан соң үрейлері күшейген. 

“Қорқынышты әрине, мен қаладағы немерелеріме әзірше келмеңдерші деп жүрмін. Шынымызды айтайын. Келмеңдер”, - деп ағынан жарылды егде жастағы тұрғын.

СЫНЫПТАСТЫРЫНЫҢ ҚОШТАСУЫ

Кәмелет жасына толмағандықтан Шерзаттың сыныптастарынан сұхбат ала алмадық. Мектеп басшылығы да, ата-аналары да оған рұқсат бермеді. Бірақ марқұмның достары ол қаза тапқан дүкен бұрышын соңғы тілектерін жазып, достарын жоқтап жатыр. 

«Арманы қалды артында,
Арайлап атар таңында
Анаңа Алла жар болсын,
Дұғада енді жұртың да…

Не болып барады бұл заман
Аш қасқырша талаған
Түс көргендей әп-сәтте
Аңырап қалды ана жан»…

Бұл - Шерзатқа сынаптастарының шығарған өлеңі.

Қанды оқиға болған жерге қала тұрғындарынан бөлек өзге де өңірлерден келіп гүл шоғын, ойыншық қойып кетіп жатқандар бар. Ұлыс тілшілері бақылаған қысқа уақытта мұнда кемінде бес адам келді. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берген.