Куба билігі бүкіл елде электр жарығын уақытша тоқтату туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Электр қуатының елге жетпеуіне жылу электр станцияларының бірінің күтпеген жерден апатты жағдайда тоқтауы себеп болған.
Салаға жауапты министрлік тиісті мамандар қазірдің өзінде электр қуатын беруді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге, Куба президенті Мигель Диас-Канел Бермудес ел үшін өте ауыр болып тұрған бұл мәселені тез арада шешудің маңыздылығын атап өтті.
СЕБЕБІ
Ол сондай-ақ премьер-министр Мануэль Марреро Крусқа халыққа энергетикалық төтенше жағдай туралы хабарлауды тапсырылғанын айтты. Президент қазіргі кездегі қиындықтардың басты себебі – елдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жанармай мен басқа да қажетті ресурстарды импорттауды қиындатып отырған АҚШ-тың санкциялары екенін баса айтты.
НЕ ІСТЕЛІНІП ЖАТЫР
Cbc.ca ақпараттық сайты ел билігі электр тапшылығын қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеткенін хабарлады.
Ресми органдардың хабарлауынша, Куба бұл тығырықтан кеше кешкісін шыға алған. Дегенмен ел тұрмақ, астанасы Гавана қаласының өзі электр қуатына толық қол жеткізген жоқ.
Коммунистер басқарып отырған үкімет кеше таңмен мектептер мен екінші дәрежелі өндіріс орындарын уақытша жауып, жұмысшылардың басым бөлігін үйлеріне қайтарған.
Сондай-ақ ойын-сауық, көңіл көтеретін демалыс орындары шетінен жабылып жатыр. Билік түнгі клубтардың жұмысын тоқтатуға бұйрық берген.