Газадағы индонезиялық ауруханаға жасалған соққы салдарынан кемінде екі науқас қаза тауып, тағы 40 пациент пен медицина қызметкері жараланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДДСҰ МӘЛІМДЕМЕСІ
Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеме жасаған.
Кеше түнде Газадағы индонезиялық ауруханаға жасалған соққыдан 40 науқас пен медицина қызметкері жараланды. Аурухананың генераторына зақым келіп, электр өшіп қалған. Соның салдарынан жағдайы ауыр екі науқас қаза болды, – деп жазды Гебрейесус желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол өңірде оқ атуды дереу тоқтатуға шақырған.
Айта кетейік, Израиль Газадағы БҰҰ-ға қарасты мектепті атқылап, 7 адам қаза тапқан болатын.
ИЗРАИЛЬДІҢ ПАЛЕСТИНАҒА ШАБУЫЛЫНА БІР ЖЫЛ ТОЛДЫ
Еске сала кетсек, жуырда Израильдің Палестинаға шабуыл бастағанына бір жыл толған. Қақтығыс кесірінен 41 мың палестиналық қаза тапқан, оның көбі – бейбіт тұрғын.
Сондай-ақ Ливанда соңғы үш аптада 400 мыңнан астам бала үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бұл туралы мәлімдеп, соғыс елде "жоғалған ұрпақтың" пайда болу қаупін төндіріп отырғанын ескерткен.
Ал Түркия президенті Ердоған Израильдің соғыс ауқымын одан әрі кеңейту ниеті бар екенін мәлімдеген.