Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,3 млн гектарды құрады, оның ішінде 16,7 млн гектары – дәнді және бұршақты дақылдар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Республика бойынша 26,5 млн тонна астық бастырылған.
Primeminister.kz.мәліметінше, орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден жоғары.
Негізгі астық егетін өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жоғары нәтижелер байқалады – 18,6 ц/га. Оңтүстік өңірлерде өнімділік бойынша жоғары көрсеткіштер Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында байқалады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында күздің қолайлы ауа райы жауын-шашынға қарамастан айтарлықтай шығынсыз егін жинау науқанын жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Жоғары өнімділікке ауа-райының қолайлы жағдайлары және, әрине, агротехнологияларды дұрыс қолдану нәтижесінде, атап айтқанда сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды қолдану және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді», – деді министр.
Дәнді дақылдарды жинау аяқталды, жүгері дәнін жинау жалғасуда.
РЕСЕЙ ШЕКТЕУІ
Вице-премьер Серік Жұманғарин қазақстандық өсімдік шаруашылығы мен бидай өнімдерінің Ресей арқылы транзитіне тыйым салынбағанын, ал сауда төңірегіндегі жағдай маңызды мәселе емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, анықталған карантиндік объектілерге байланысты Ресейге белгілі бір ауылшаруашылық өнімдерін әкелу шектелген. Алайда, бұл Өзбекстанда өндірілген және Қазақстан арқылы транзиттік өтетін өнімге қатысты.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИДАЙ ӨНІМІНІҢ ДЕҢГЕЙІ
Жұманғарин сондай-ақ биылғы орақ науқанының көрсеткіштері орташадан жоғары екенін, бидайды экспорттау немесе сақтауда мәселе тумауы керек деді.
«Биыл бізде бидайдың үшінші класы жалпы көлемнің 50% құрайды, бұл өте жоғары нәтиже» деді Жұманғарин.
Вице-премьер осылайша Ресей арқылы өнімнің транзитіне және Ресей бидайының Қазақстанға импортына тыйым салу жағдайы бақылауда екеніне, бұған алаңдаушылық орынсыз екенін сендірді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Россельхознадзор Қазақстаннан бидай, жасымық, зығыр дәні, қызанақ, бұрыш, күнбағыс дәні мен қауын жеткізуге уақытша шектеу қойған. Ресейлік мекеме олардың “карантиндік тауар” деп тапқан.
ДЕПУТАТ ДАБЫЛЫ
Депутат Айдарбек Қожаназаров шектеуге байланысты қалыптасатын ахуал бойынша дабыл қаққан.
Мұндай кедергілер біздің елдің ауылшаруашылығы саласына, жалпылай алғанда экономикамызға салмақ салып отыр: Қазақстандық экспорттаушылар үлкен қаржылық шығынға ұшырады; вагондар тоқтап қалды, өнімдерді жеткізу мерзімі өтіп жатыр. Келісімшартта көрсетілген міндеттемелер бұзылды. Біздің елдің азаматтары сол үшін айыппұл арқалап, шығынға бата бастады, – деген депутат үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
САЛДАРЫ
Депутаттың сөзінше, Россельхознадзордың осындай әрекеті биыл жинадық деп жар салған 25,2 миллион тоннаға дейінгі астықтың бұзылу қаупін төндіріп отыр. Тағы да сападан ұтыламыз, уақыт жоғалтамыз.
Бұл асыра айтылған әңгіме емес, бірақ ала жаздай бел жазбай еңбек еткен диқандардың еңбегі зая кетудің алдында тұр. Қысқасы, Россельхознадзор енгізген шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын бұзып тұр. Онымен қоймай Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауарлар мен транзиттің еркін қозғалысының басты принциптеріне қайшы келіп отыр – деді ол.