×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстан жанар-жағармайды сыртқа тасымалдауға салынған тыйымды ұзартуы мүмкін

Қазақстан жанар-жағармайды сыртқа тасымалдауға салынған тыйымды ұзартуы мүмкін
Коллаж Ulysmedia

Қазақстан кейбір мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс жерге тасымалдауды шектемек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ

Мұнай өнімдері экспортына тыйым салу мерзімін тағы екі жыл ұзартуға қатысты құжат 23 қазан күні «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Соған сәйкес Энергетика министрінің 2023 жылғы 24 наурыздағы № 118 бұйрығына өзгеріс енгізіледі.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, елде халық тұтынатын АИ-92 бензині мен дизель отынына сұраныс көбейген. Ал жанар-жағармай «сұр» экспортының бір айдағы көлемі 10 мың тоннаға жуықтайды. Ведомство дерегінше, Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде бензин бағасы әлдеқайда арзан (17-ден 107%-ға дейін). Осының салдарынан бензин мен дизель отынын жасырын жолмен тасымалдау көбейген.

Заңсыз экспорт ағынын қадағалау мақсатында Энергетика, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция, Қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрық жобасын қабылдау ұсынылған. Соған сай 2024 жылдың 31 желтоқсаны мен 2026 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстаннан ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерге мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға шектеу қойылады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРҒА СӘЙКЕС

Бұл шара республика бойынша төмендегі мәселелерді шешуге септігін тигізбек:

  • Мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін арттыру;
  • Бензин тапшылығын азайту;
  • Бажсыз жеткізу шарттарын орындау;
  • Импортталатын мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына тоқсауыл қою.

Энергетика министрлігі нормативтік құқықтық акт жобасын ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп санайды. 

Еске салсақ, кеше Ұлытау облысы жанармай тапшылығына ұшырағанын жазған едік. Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанар-жағармай бағасына қойылған шектеуді алып тастауды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатынбыз.