Ресей әскері Украина мен Польша шекарасына жақын орналасқан нысандарға дрондармен соққы жасады. Волынь облысындағы Ягодин теміржол станциясында Киев–Варшава пойызының локомотиві зақымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, соққы салдарынан Ягодин өткізу бекетінің маңындағы жанармай құю станциясы да зардап шеккен. Әлеуметтік желілерде өткізу бекеті маңында өртеніп жатқан жүк көліктерінің, сондай-ақ локомотивке соққы жасалғаннан кейінгі көріністердің видеолары тарады.
«Укрзалізниця» өкілінің мәліметінше, локомотивке соққы Украина–Польша шекарасынан шамамен екі шақырым жерде жасалған. Теміржол инфрақұрылымы зақымданбаған. Сондықтан бұл шабуыл бағыттағы пойыздардың қозғалысына әсер етпейді.
Оқиға кезінде локомотив бригадасы мен жолаушылар алдын ала эвакуацияланған. «Укрзалізниця» мәліметінше, дронды Орталық мониторинг тобы анықтап, пойыздан эвакуациялау туралы ескерту соққыға дейін шамамен 15 минут бұрын берілген.
Пойыз жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де Польша аумағына кірген. Алайда түнгі және таңғы шабуылдарға байланысты кей пойыздар 5-10 сағатқа кешіккен.
Шабуыл кезінде шетелдік саясаткерлер қайда болды?
«Укрзалізниця» мәліметінше, Ягодин станциясында дрон соққысы жасалардан шамамен бір жарым сағат бұрын шетелдік саясаткерлер мен дипломаттар отырған арнайы пойыз шекарадан өтіп кеткен.
Олардың арасында Германия канцлері Фридрих Мерцтің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Гюнтер Зауттер, Еуропаның бірқатар дипломаттары, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон және Швецияның экс-премьер-министрі Карл Бильдт болған.
Олар Киевте өткен YES (Yalta European Strategy) форумына қатысқаннан кейін қайтып келе жатқан.
«Укрзалізниця» кейін Ягодинде дрон соққысы жасалған сәтте басқа пойызда АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Дэвид Петреус болғанын хабарлады.
Компания шабуыл жасаған дронның интернет-ретрансляторларды пайдаланатын реактивті меш-дрон болғанын мәлімдеді.
Карл Бильдт әлеуметтік желідегі жазбасында соққыға ұшыраған пойыз өздері отырған пойыз емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, олардың пойызы өткеннен бірнеше минуттан кейін станцияға келген құрамдағы адамдар дрон жақындаған кезде эвакуацияланған және ешкім зардап шекпеген.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Ресейдің шекара маңындағы шабуылын «террор» деп атады. Ол Еуропаны Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге шақырды.
Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш Ресейдің «Герань-5» типті екі дроны Польша шекарасына жақын жерде соққы жасағанын айтты. Оның мәліметінше, дрондардың бірі шекарадан бір шақырым, екіншісі бес шақырым қашықтықта соққы жасаған. Польша шекарасының бұзылғаны тіркелмеген.
Польшаның әуе кеңістігін қорғауға F-16 жойғыштары, тікұшақтар және SAAB әуе барлау ұшағы тартылды.