TikTok алгоритмдерінің балаларға зиянды екенін, қосымшаны қолданғаннан кейін 35 минут ішінде тәуелділік пайда болатынын компания басшылары білетіні белгілі болды. Бұл туралы NPR коммерциялық емес ұйымы мәлімдеді. Компанияның зерттеуіне ByteDance компаниясының ішкі құжаттары дереккөз болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ-ТАҒЫ TIKTOK ТУРАЛЫ
Қазанда АҚШ-тың оннан астам штаты TikTok-қа қарсы сотқа шағым түсіріп, сервисті балалардың тәуелділігін тудырып, олардың психикалық денсаулығына зиян келтірді деп айыптаған. Кентукки штатының сотқа шағым беруіне байланысты компанияның көптеген ішкі құжаттары көпшілікке жария етілді.
ЗИЯН ЕКЕНІ ЖАРИЯ БОЛДЫ
NPR мәліметтері бойынша, TikTok-тың 30 беттен тұратын құжаттары компания басшыларының қосымша балалар мен жасөспірімдерге қаншалықты зиян екенін білгенін көрсетті. Құжаттарда TikTok басшыларының ішкі зерттеулері мен қиын жағдайларда қабылданған шешімдер туралы хат алмасуы қамтылған.
35 МИНУТТА ТӘУЕЛДІ ҚЫЛАДЫ
NPR-дың айтуынша, құжаттарда басшылар қысқа бейнероликтер сервисінің көптеген қауіпі туралы ашық түрде айтып өткен. Қолданушы TikTok-қа 260 бейнеролик көргеннен кейін тәуелді болып қалады. Платформадағы бейнероликтердің көпшілігі шамамен сегіз секундқа созылады, сондықтан тәуелділік қосымшада шамамен 35 минут өткізгеннен кейін басталады деп есептеген Кентукки штатының тергеушілері.
СОНДА ҚАНДАЙ ЗИЯНЫ БАР?
Құжаттарда сервисті шамадан тыс пайдаланудың салдары, атап айтқанда, аналитикалық қабілеттердің төмендеуі, контекстік ойлаудың және эмпатияның жоғалуы, сондай-ақ алаңдаушылықтың күшеюі туралы айтылған.
Қолданушыларға қосымшада өткізетін уақыттарын шектеуге көмектесетін функциялар «қоғамдық сенімді арттыру» стратегиясы ретінде қарастырылады деп көрсетілген құжаттарда.
TikTok-та 13 жастан кіші пайдаланушыларды жою мәселесі де бар, бұл жас қосымшаға кіруге рұқсат берілетін ең төменгі жас.
TikTok өкілі Алекс Хаурек NPR-ды шектеу қойылған ақпаратты жариялағаны үшін жауапсыздық танытты деп айыптады.
«Өкінішке қарай, бұл шағымда жаңылыстыратын дәйексөздер мұқият таңдалып, біздің қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген ұстанымымызды бұрмалау үшін контекстен тыс алынған ескі құжаттар қолданылған», – деді ол.
АҚШ БҰҒАТТАУЫ
Осы жылдың қаңтар айында АҚШ Конгресі егер ByteDance TikTok-ты сатуға келіспесе, қосымшаны елде пайдалануға тыйым салу туралы заңды мақұлдады. Тамызда АҚШ президенті Джо Байден бұл ережені қол қойып бекітті. ByteDance компаниясының сатып алушыны табуға тоғыз ай уақыты бар, бірақ бұл мерзімді тағы үш айға ұзартуға болады.
ЕУРОПА ЕЛДЕРІ
Бұған дейін Норвегия балаларды қорғау үшін әлеуметтік желіге кіру шегін 15 жасқа дейін көтеретінін хабарлағанбыз. Бүгінде Скандинавия елінде ең төменгі жас шегі – 13. Осыған қарамастан, Норвегия медиа агенттігінің зерттеуіне сәйкес, тоғыз жастағы балалардың жартысынан көбі, он жастағы балалардың 58%-ы және он бір жастағы балалардың 72%-ы әлеуметтік медианы пайдаланады.
Австралия да жасөспірімдер мен жас балаларға әлеуметтік медиаға тыйым салатынын жариялады, Жас шегі әлі анықталған жоқ, бірақ ол 14 пен 16 жас аралығында болуы мүмкін.
Франция 15 жасқа дейінгі оқушыларға мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр. Егер бастама сәтті іске асса, тыйым бүкіл елде қаңтардан бастап енгізілуі мүмкін.
ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАУАБЫ
Бұған дейін TikTok Қазақстан депутаттарының желіні бұғаттау туралы талабына жауап берген.
Еске салсақ, Сенат депутаты Геннадий Шиповских желі кей талаптарды орындамасы, Қазақстанда TikTok платформасын бұғаттауды ұсынған еді.
Сенатор Нұртөре Жүсіп те Tik-Tok адам психикасын терең меңгеріп, шабуыл жасайтынын айтқан.
Сондай-ақ бұған дейін TikTok-та белсенді депутат Ерлан Саиров та желіні шектеу керек деп мәлімдеген болатын.