Қарағандыда әйелін балаларының көзінше өлтірген 51 жастағы ер адам сотталды. Ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы үкіммен келіспей, аппелияцияға беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СУДЬЯ НЕ ДЕДІ
Әйелін балаларының көзінше пышақтаған ер адам бас бостандығынан айырылып, моральдық өтемақы төлеуі керек.
Таймасовты 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтелсін. Жазасын өтеу мерзімі ұсталған кезден бастап есептеледі. Жәбірленуші Өмірзақованың пайдасына моральдық шығын үшін 20 миллион теңге өндірілсін, – деді судья Самал Аринова.
КҮДІКТІ МАС БОЛҒАН
Қайғылы оқиға сәуірдің соңында болған. Ер адам бір ай жұмыс істемегендіктен, ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Әрі Таймасов мас болған.
Еске салсақ, бұған дейін құқық қорғаушы Серік Беркамалов Қарағандыда 52 жастағы әйелдің қатыгездікпен өлтірілгенін айтып берген. Марқұмның әпкесі Айгүл Өмірзақова егер тәртіп сақшылары сол кеште күдіктіні өздерімен бірге алып кеткенде қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деген еді.