Еуропалық одақ дипломатиясының жетекшісі Джозеп Боррелл X-тегі парақшасында жылдың қазан айынан бері Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан 130-ға жуық журналист өлтірілгенін мәлімдеп, бұл жағдайды қатаң айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Журналистер Таяу Шығыстағы қақтығыстарды жариялау кезінде басын қатерге тігіп, өмірлерін құрбан етіп жүр. Бүгін Ливандағы Израиль қорғаныс күштерінің соққысынан үш адам қаза тапты. Соңғы бір жыл көлемінде Газа секторында 130-дай журналист ажал құшты. Біз мұны айыптаймыз", деп жазды Боррель.
Сондай-ақ ол баспасөз бостандығы мен журналистердің ақпаратқа қолжетімділігіне кепілдік беріліп, олар әрқашан қорғалуы тиіс екенін атап өтті.
Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылдың 7 қазанында Газа секторынан ХАМАС әскерлері Израиль аумағына кіргенінен күрт нашарлаған. Олар шекаралық елді мекендердің тұрғындарын өлтіріп, адамдарды кепілге алған. ХАМАС шабуылды Израильдің Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіндегі әрекетіне жауап деп атады.
Содан кейін Израиль Газа секторын толық блокадаға алғанын жариялап, Палестина анклавын, Ливан мен Сирияның бір бөлігіне соққы жасай бастады.
Еске сала кетсек, 23 қазанда Израиль «Хезболла» қозғалысының жетекшісі Хасан Насралланың туысы және оның ықтимал мұрагері болған Хашем Сафиеддинді үш апта бұрын Ливанда әуе соққысы кезінде өлтіргенін мәлімдеді.
Бұған дейін Израильдің Бейруттың оңтүстігінде орналасқан елдегі ең ірі ауруханаға жасаған әуе шабуылы салдарынан кемінде 18 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алған, олардың көпшілігі – балалар.
Израиль әскери-әуе күштері босқындар паналаған Газа секторындағы БҰҰ-ға қарасты мектептердің біріне соққы жасап, салдарынан кемінде жеті адам қаза тапқан.