Грузияда 26 қазандағы парламент сайлауына дауыс беру "тең жағдайда өтпеді, қысым мен шиеленіскен ахуалдың көлеңкесінде қалды" деп мәлімдеді Еуропадағы бірқатар ұйым, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР
Азаттық радиосының келтіруінше, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Еуропа кеңесі, Еуропарламент және НАТО-ның бірлескен халықаралық бақылаушылар миссиясы мәлімдемесінде осылай делінген.
Бақылаушылардың айтуынша, жалпы дауыс беру процесі жақсы ұйымдастырылған, бірақ "шиеленіскен жағдай" мен "тең емес ойын шарттары" сайлау нәтижесіне деген сенімге нұқсан келтіреді. Бақылаушылар Грузиядағы сайлау процесі халықаралық демократиялық принциптерге жеткілікті дәрежеде сай болған жоқ деп есептейді.
ЕҚЫҰ дауыс сатып алу, екі рет дауыс беру, күш көрсету және қорқытып-үркіту сияқты сайлау кезінде тіркелген заңсыз жайттарды айыптады.
Еуропарламент делегациясының басшысы Антонио Лопес-Истурис Уайт Тбилисидегі баспасөз мәслихатында биліктегі "Грузин арманы" партиясы сайлау қарсаңында дұшпандық риторика қолданып, "ресейлік жалған ақпараттар" мен "дауыс беруді бұзу және манипуляциялау" талпыныстары туралы түрлі астыртын теория жайында хабар таратты деді.
ЕҚЫҰ миссиясының жетекшісі Паскаль Ализар сайлаушылардың көбі дауыс берді, әртүрлі саяси партиядан бақылаушылар да көп болды деді, ол мұны жүйенің өскен және дамыған белгісі деп санайды. "Демократия сөзсіз дамып жатыр", – деді Ализар Азаттықтың Грузин қызметіне.
КІМ ЖЕҢІМПАЗ
Грузияның орталық сайлау комиссиясының кейінгі алдын ала қорытындысына сәйкес, биліктегі "Грузин арманы" партиясы 53,92 пайыз дауыспен алда тұр. Парламентке өтуге қажет бес пайыздық межені төрт оппозициялық күш еңсерді: "Өзгерістер үшін коалициясы" (11,04 пайыз), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы (10,16 пайыз), "Қуатты Грузия" (8,8 пайыз) және Гахарияның "Грузия үшін" партиясы (7,8 пайыз).
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, шетелде ашылған 67 сайлау учаскесіндегі дауыс беру қорытындысы бойынша, оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" бірінші тұр, оған сайлаушылардың 33,32 пайызы қолдау білдірген. Шетелде дауыс бергендердің 13,33 пайызы "Грузин арманына" дауыс беріп, биліктегі партия төртінші орын иеленді.
ПРЕЗИДЕНТКЕ БАҒЫНБАЙТЫН ПРЕМЬЕР
Елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бұған қатысты шетелде тұратын Грузия азаматтары елдің қалай дамып жатқанын толықтай білмей отыр деп мәлімдеді.
Жалған ақпарат, пропаганда жүріп жатыр. Елде не болып жатқанын көзіңізбен көрмесеңіз, онда сол үгіт-насихаттың ықпалына оңай түсуіңіз мүмкін, – деді Кобахидзе.
"Грузин арманы" партиясы Тбилиси мен елдің басқа да ірі қалаларында көп дауысқа қол жеткізе алмады деген ақпарат айтылды.
ЗАҢСЫЗДЫҚ
Бұған дейін оппозиция күштері сайлауға дейін және сайлау күні заңсыздықтар болғанын алға тартып, ресми қорытындыны мойындаудан бас тартқан. Оларды дауыс беру кезіндегі бұрмалаушылықтар, күш қолдану, әкімшілік ресурсты пайдалану, сайлаушыларды сатып алу сияқты фактілерді алға тартқан жергілікті коммерциялық емес ұйымдар қолдады.
ДӘРМЕНСІЗ ПРЕЗИДЕНТ
Грузия президенті Саломе Зурабишвили қазіргі сайлау қорытындысын "толықтай бұрмаланған" деп атады.
Ресейдің халқымызға, елімізге қарсы арнайы операциясының, гибрид соғысының куәсі және құрбаны болдық, – деді Зурабишвили.
Ол сайлау қорытындысына келіспейтіндердің бәрін 28 қазан кешке Руставели даңғылына акцияға шығуға шақырды.
Премьер-министр Кобахидзе президент қарсылығына қарамастан, үкімет қайта жасақталып, парламент өз жұмысын бастайды деп мәлімдеді. Ол оппозицияның жаңа парламент жұмысына кедергі келтіретін ресурсы жоқ деді.
Оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптап жүр. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".
Ескерте кету керек, Грузия – унитарлы парламенттік республика.
Бұған дейін Грузиядағы сайлауда «Грузин арманы» партиясы 52,98% дауыспен көш бастағанын жаздық.
Көп ұзамай Грузия оппозициясы сайлау нәтижесін мойындамай, митингке шығатынын мәлімдеді.