Денсаулық сақтау министрі Ақмарат Әлназарованың айтуынша, елдегі жедел мәдициналық көмек бригадасының пациенттерге дейін келу уақыты халықаралық тәжірибеге сәйкес әрі оны ұстану орынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
ДСМ дерегінше, елдегі кеш орындалған шақыртулар саны – 4,5% немесе 288 716 шақыруды құрайды. Кешіктірілген шақыртулар 4-жеделділік санатына жатады, олар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп қатер болмаған кезде қызмет көрсетіледі.
“Сонымен қатар халық санының өсуін ескере отырып, жедел медициналық жәрдемнің қосымша бригадаларын құру қажеттілігі бар. Бүгінгі таңда қосымша 379 ЖМК бригадасын құру қажет. Осыған байланысты Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп санитариялық автокөлікпен қамтамасыз ету, 4-жеделділік санатындағы шақыртуларды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерді пысықтауда” деді министр депутатттық сауалға берген жауабында.
ЖЕДЕЛДІЛІК САНАТТАРЫ
Ақмарат Әлназарова Қазақстанда жедел медициналық көмектің барлық шақыртулары 4-жеделділік санатына бөлінгенін айтады. Мұнда 1-санат өмірге тікелей қатер төндіретін және шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап етеді – бригаданың келу уақыты 10 минут, 2-санат медициналық көмекті талап ететін, өмірге әлеуетті қауіп төндіретін жағдайлар – 15 минут, 3-санат медициналық көмекті талап ететін, денсаулыққа әлеуетті қауіп төндіретін жағдайлар – 30 минут, 4-санат жіті аурудан немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуларынсыз, науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп қатер төндірмейтін пациенттің жай-күйі – 60 минут.
Бұл ретте 4- жеделділік санатындағы шақыртулар жалпы санның 36,5 % құрайтынын атап өткен жөн. Анықтама: 2024 жылдың 9 айында ЖМК бригадасының елдегі орташа келу уақыты 1-санат бойынша – 9 минут, 2- санат бойынша – 12 минут, 3-санат бойынша – 18 минут, 4- санат бойынша – 23 минутты құрады. «103» пультіне келіп түскен барлық шақыртулар ақпараттық жүйелерде тіркеледі, делінген министр жауабында.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Министр шетелдік тәжірибеге жүргізілген талдау көптеген елдерде жедел жәрдемнің келу уақыты шақыртудың жеделділік санатына байланысты екенін көрсеткенін жеткізді.
“Мәселен, Нидерландыда шақыртудың 1-жеделділік санаты бойынша жету уақыты 15 минут, Норвегия 12 минут, Ұлыбритания 7 минут, АҚШ және Түркия 10 минут, Ресей Федерациясы 20 минут, Өзбекстан 10-15 минутқа дейін, Қырғызстан 13 минутты құрайды. Ұлыбританияда 2-жеделділік санаттағы шақырту уақыты 18 минутқа дейін, АҚШ-та 10 минут, Түркияда 20 минутты құрайды. Осылайша біздің еліміздегі ЖМК бригадасының пациенттерге дейін келу уақытының қолданыстағы нормативі халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және оны ұстану орынды деп санаймыз” дейді ол.
Сондай-ақ министр жедел медициналық жәрдем саласына жеке ұйымдардың қызығушылығы жоқ екенін айтты.