Атырауда отадан кейін 16 жастағы оқушы Жарқын Айжан қайтыс болды. Оның отадан кейін жағдайы күрт нашарлап, 19 күн жансақтау бөлімінде жатып, 7 қыркүйекте көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ауруханаға сау баланы тапсырдық»
Қыздың анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, қызы бұған дейін көп ауырмаған және стационарда ауыр дерт бойынша емделмеген. Бұл туралы «Мой город» басылымы жазды.
Бірнеше ай бойы Жарқынның мұрын қуысындағы киста мазалаған. Отбасы жоспарлы ауруханаға жатқызуды шамамен үш ай күткен.
— Біз ауруханаға сау баланы тапсырдық. Ол ешқашан ауруханада жатпаған, ауырмаған. Бізге процедура шамамен 20 минутқа созылатынын және лазермен жасалатынын айтты, — деді анасы.
Отадан кейін жағдайы нашарлаған
Анасының айтуынша, ота наркозбен жасалған. Одан кейін қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Сахметова мұрынға салынған тампон тыныс алу жолын жауып, қызының тұншыға бастағанын айтады. Осыдан кейін оқушы шұғыл түрде жансақтау бөліміне ауыстырылған.
Сондай-ақ анасы қыздың жағдайына екі рет жасалған наркоз әсер етуі мүмкін деп есептейді.
— Әуелі ота үшін наркоз жасады. Кейін тампонды алған кезде тағы да наркоз берді, яғни екі рет наркоз жасалды. Ол мұны көтере алмады, — деді ол.
Астанға апару мүмкін болмаған
Отбасы қызды Астанаға емделуге жіберуді сұраған. Алайда анасының сөзінше, дәрігерлер науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны тасымалдау мүмкін емес екенін айтқан.
Жарқын жансақтау бөлімінде 19 күн жатты. 7 қыркүйекте қайтыс болды.
Дәрігерлер не дейді
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы мұндай операциялар техникалық тұрғыдан күрделі әрі аса жоғары дәлдікті қажет ететінін мәлімдеді. Ведомство өкілдері операция кезінде және одан кейін асқыну қаупін толық жоққа шығару мүмкін емес екенін атап өтті.
Науқастың жағдайы күрт нашарлағаннан кейін дәрігерлер шұғыл және қарқынды емдеу шараларын жүргізген. Консультацияға республикалық деңгейдегі бейінді мамандар мен сарапшылар да тартылған.
Қазір мамандар болған жағдайдың мән-жайын, соның ішінде көрсетілген медициналық көмектің уақтылығы мен сапасын, сондай-ақ асқынулардың себептерін зерттеп жатыр.
Жағдайды бағалау үшін медициналық құжаттарды тәуелсіз мамандардың қатысуымен бөлек зерделеу жоспарланған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру мен сараптама аяқталғанға дейін қыздың өлімінің себептері туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті.