Депутат Асхат Аймағамбетов балалар контентін жасау, оны желіге жүктеу мәселесін көтеріп, ол мақсатта жоспарланып отырған жұмыстар туралы айтып берді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚША МУЛЬТФИЛЬМДЕР
Депутаттың айтуцнша, қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы.
“Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар “Синий трактор” мен “Маша и Медведь” сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс” деді депутат телеграм арнасында.
Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгізілген. Депутат бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеді.
КОНТЕНТ САПАСЫН АРТТЫРУ
Аймағамбетов қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар барын айтады.
Мәселен, “Балапан” телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, деді ол.
ТАҚЫРЫПТЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ
Депутат жалпы, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасалған.
Сонымен қатар, әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, дейді депутат.