×
488.91
532.62
5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.91
532.62
5

Футболға бөлінген қаржы есебі берілуі тиіс – депутат спорт командаларын жекешелендіруді ұсынды

Бүгін, 14:27
Футболға бөлінген қаржы есебі берілуі тиіс – депутат спорт командаларын жекешелендіруді ұсынды
Коллаж Ulysmedia.kz

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының атынан сауал жолдаған депутат Қазыбек Иса спорт командаларына бөлініп жатқан қыруар қаржыға назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЦИФРЛАР

Бас прокурор, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы мен Спорт министріне бағытталған сауалда депутат тек 6 жыл ішінде (2018-2023 ж.) «Самұрық-Қазына» АҚ 4 кәсіптік клубқа 138 млрд теңге бөлгенін мәлім етті. Оның ішінде «Астана» ФК – 50,1 млрд, «Барыс» ХК – 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобы – 31,5 млрд қаржы алған.

«Қазақстанда ең көп жалақы алатын – футболшылар. Шаршап қалған Аршавиндер 55 млн. теңге айлық алғанын білеміз. Бюджеттен, халықтың қалтасынан қыруар қаржы бөлетіндей футбол мемлекеттің ең маңызды мәселесі ме? Халық қаржысын футболға шашып отырған Қазақстан секілді ел әлемде жоқ. Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футбол емес, жемқорлық дамып жатыр. ФИФА рейтингісі бойынша 110-130-шы соңғы орындардамыз. Ал футболдағы №1 жемқорлық қылмыс болып саналатын «келіскен ойындар» саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы 4-орындамыз» – дейді депутат

ВЕЛОСПОРТ

Ол мүшелерінің бәрі шетелдіктер «Астана велоспорт» клубына кетіп жатқан қаржының есебін ешкім білмейтінін айтады.

«Ал енді олар олимпиадада, Тур де Франс, Джиро де Италия жарыстары этаптарында ешқашан Қазақстан туын көтерген емес. Олар тек өз елдерінің туын көтеріп, әнұранын айтады. Сонда қалай, біз қазақтың миллиардтарын аямай шашамыз оларға, олар өз елдерінің атын шығарады ол ақшаға? Мұндай қорлыққа Қазақстаннан басқа қай ел көнеді?» – деді Қазыбек Иса.

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІНЕ ҚҰЛАҚ АСПАҒАНДАР

Сондай-ақ депутат президент биыл шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосуды доғаруды тапсырса да Астана велоспорты екі ай өтпей, Франция мен Италиядан екі велошабандоз алдырғанын жеткізді.

«Президент Тоқаев 2023 жылы спорт федерацияларына ревизия жүргізуді тапсырды. Содан бері екінші жылға кетіп барады, бір ғана федерацияға ревизия жасалған. Атышулы футбол федерациясына әлі ешкім жолаған жоқ. Ал төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп ойсырай ұтылған, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Шершесовке Барменқұлов басқаратын футбол федерациясы 640 млн тг төлейді дейді. Сонда біз Черчесовке қарсыластың емес... біздің ұлттық құраманың қақпасына  салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?» – деп атап өтті ол.

ҰСЫНЫС

Депутат осындай деректерді тізбектей келе төмендегідей бірнеше ұсыныс білдірді:

«Ақ жол» фракциясы ұсыныстары:

«1. Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік барлық спорт федерациялары мен кәсіптік спорт клубтарына ревизия жүргізуі тиіс.

2. Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет;

3. Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек.

4. Осы уақытқа дейін мемлекеттен жалпы спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені,ол халық қаржысы!» деді депутат.