×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Сот саласы жабық корпорацияға айналды»: Жоғарғы сот Құспанның сынын «қате» деп есептейді

07.11.2024, 12:04
«Сот саласы жабық корпорацияға айналды»: Жоғарғы сот Құспанның сынын «қате» деп есептейді
Ulysmedia коллажы

Бұған дейін депутат Абзал Құспан "сот саласы жабық корпорацияға айналып кетті" деп мәселе көтеріп, премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған еді. Ulysmedia.kz тілшісі бұл жөнінде судьялардың өзі не ойлайтынын, қалай жауап беретінін Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтен сұрады.

ДЕПУТАТТЫҢ СЫНЫ

Абзал Құспан бұған дейін судьяларды қызметке тағайындау, босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту процесінің ешқайсысына ел азаматтары араласпайтынын айтқан. Оның сөзінше, бұрындары сот алқа және сот төрағалары деңгейінде азаматтарды қабылдайтын, қазір ол практиканы да толық тоқтатқан. Депутат іс жүзінде, жергілікті жердегі судья өзінің жоғары тұрған сот басшылығымен жақсы болса болды, оның басынан бір тал шаш та түспейтінін айтады. Депутат 2001 жылғы президент жарлығымен бекітілген «Сот жюриі туралы» ережені еске алған. Оған сәйкес, судьялардың тәртіптік жауапкершілігін құрамы ЖСК жанындағы, құрамы 9 адамнан тұратын комиссия, яғни жюри шешеді, жюридің 6 адамы судьялардың өздері болса, 1 ЖСК мүшесі, 1 заңгер, 1 адвокаттан тұрады.

– Жалпы Ескі Қазақстан кезінде судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын сақтамай, кім көрінген судьялық лауазымға қол жеткізіп кетті. Ол туралы басқа емес, сол сот саласының басшылығында болған азаматтардың өздері де ашық айтты уақытында, судьяларды айыптау органдарының шешімін заңдастырып беретін нотариустарға да теңеді. Енді халық осындай судьялардан тура мағынасында зардап шегуде. Сондықтан, сізге Конституциялық сот қаулысын орындау барысында сот қызметіне қатысты Конституцияның 3 бабы, 1 бөлігінің талаптарын, яғни биліктің жалғыз қайнар көзі халық екенін ескеріп, тиісті механизмдерді қайта қарастыруды ұсынамын, халық атынан сайланған депутаттық корпус та бұл мәселеде қалыс қалмайды деп ойлаймын, – дейді депутат.

“АБЗАЛ ҚҰСПАНДЫ МОЙЫНДАЙМЫЗ, БІРАҚ...”

Депутаттың сынынан Нұрсерік Шәріпов хабардар екен. 

– Депутат Абзал Құспанның сөйлегенін білем, жабық коропорация дегенін. Бірақ депутат мырза қателеседі. Абзал Құспан көп жыл бойы тәжірибе жинаған адвокат. Сот саласында заңгер ретінде істерге қатысып, атағы да сот саласында танылған. Үлкен тұлға. Оны мойындаймыз. Сот саласы жабық корпорация емес. Басқа мемлекеттік органдармен, күштік органдармен салыстырғанда сот саласының ашықтығы, жариялылығы әлдеқайда артық. Мен сіздерге оны ресми түрде айтқым келеді. Сот саласында болып жатқан өзгерістерді талқылау, қоғамда болып жатқан резонанстарды жағдайларды, процестерді онлайн тәртібіне дейін көрсетіп жатыр – ондайды қай мемлекеттік орган жасап жатыр. Қай күштік орган, қай құқықтық орган жасап жатыр? Мен оларға кінә тағып отырған жоқпын. Жалпы айтып жатқан ойым – біз ондай корпорация емеспіз. Бұл бір, – дейді ол.

Шәріповтың айтуынша, судьяларды іріктеу – үлкен мәселе. Жоғарғы сот кеңесі Конституцияға сәйкес, мемлекет басшысы судьяларды қызметке тағайындау, қызметтен босату, жалпы іріктеу, тағайындау мәселесін жүзеге асыру үшін арнайы құрылған мемлекеттік орган. Олардың құрамында кім болуы керектігін, Жоғарғы сот емес, мемлекет басшысы шешеді. 

– Ал қоғамдық мүшелердің көбірек болғанын мен де қалаймын. Ол дұрыс, солай болу керек. 

Кассациялық сотқа келетін болсақ, сот кеңесінің өкілі айтып кеткендей, осы екі айдың ішінде конкурс жариялап, оны реттеу басталады. Ол жерде жаңа механизмдер ұсынылатын шығар деген  пікірім бар. Өздері не жасалып жатқанын айтар. 

Жұмыс болғаннан кейін қателік орын алады. Сот актілері бұзылады, өзгереді. Бұл заң тәртібі. Бұл солай болуға тиіс. Өйткені жоғары тұрған инстанциялар істің заңға сәйкестігін, сот тәжірибесіне сәйкестігін тексеріп, өз құқықтық бағасын береді, – дейді ол.

Нұрсерік Шәріпов судьялардың істі қарауы барысында заңды бұзуға орын беру жағдайы жөнінде былай дейді: 5 шілдеде мемлекет басшысы Сот жүйесі мен мәртебесі туралы Конституциялық заңға қол қойған. Оның ішінде 39-бап – судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі бар. Жоғарғы сот биыл Конституциялық заңның ішіне (39-бапқа) “немқұрайлылық, заңды білмеу” деген талаптарды жазған. Ал егер ол “бұрмалау, қасақана” болса, ол қылмыстық жауапкершілік тартылады.

– Жаңа тетік бойынша, 1 қазаннан бастап енді сот акітісіне оны көрсету орын алмайды. Үштік қаралса алқада, үштік алқа судьясы қол қойған сол судьяны жауапкершілікке тарту мәселесі бірден сот жюриіне жіберіледі. Бұрын шыққан құжаттарды облыстық сот болсын, Жоғарғы сот болсын, пленарлық отырыста талқылап, шешім қабылдайтын. Соған мемлекет басшысы тапсырма беріп, жүзеге асыру тетігі өзгерді. Енді сот жюриі баға береді, – дейді ол.

21 СУДЬЯ ЖАЗАЛАНҒАН

Сенаттағы отырыста бүгін Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сейсенова 2024 жылғы 9 айда сот ісін қарау барысында өрескел қате жібергені 21 судья жауапқа тартылғанын айтады. Былтыр осы кезеңінде 9 судья жауапқа тартылған. Яғни, жазаланған соттардың саны артқан.