Германияның Федералдық қылмыстық полиция басқармасы Майндағы Франкфуртте 37 жастағы америкалықты Қытайдың пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ ӘСКЕРІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН
Бұл туралы Euronews жазды.
Оның жақында Гессендегі АҚШ әскерінде жұмыс істегені анықталды. Айта кетейік, күдікті әскери қызметкер емес, Германиядағы АҚШ қарулы күштеріне қызмет көрсететін жеке компанияның қызметкері.
Карлсруэ федералдық прокуратурасының мәліметінше, қамауға алынған азамат бір жыл бойы Қытайдың мемлекеттік органдарымен байланыста болып, оларға Германиядағы америкалық әскерилер туралы құпия ақпарат ұсынып келген деп күдіктенуге негіз бар.
Бұл іс бойынша тергеу Конституцияны қорғау федералды басқармасының қарсы барлау департаментінің тұжырымдарына негізделді, – делінген материалда.
КҮДІКТІЛЕРДІҢ ҰСТАЛУЫ БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС
Ұсталған адам енді Федералдық соттың тергеу судьясының алдына келуі керек, ол оны қамауда ұстауды жалғастыру немесе жалғастырмау туралы шешім қабылдайды.
Басылым Қытай барлауында жұмыс істеген күдіктілердің ұсталуы бірінші рет емес деп жазады. Қазан айының басында Германияның Лейпциг қаласында Қытай азаматы қару-жарақ жеткізілімі туралы ақпарат таратқан деген күдікпен ұсталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әзербайжаннан келген Израильдің 7 азаматы Иран үшін тыңшылық жасады деген күдікке ілінген болатын.