×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Әлеуметтік алауыздық: Жаңаөзендік белсендінің тик-токтағы сөзі үшін бас бостандығы шектелді

08.11.2024, 18:49
Әлеуметтік алауыздық: Жаңаөзендік белсендінің тик-токтағы сөзі үшін бас бостандығы шектелді
Видеодан скриншот

Жаңаөзендік белсенді Жадыра Досекееваның Тик-токта айтқандары "әлеуметтік алауыздық тудырды" деп танылып, белсенді 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Сот материалына сай, сотталушы Досекеева 2024 жылғы 16 сәуірде «Tik-Tok» әлеуметтік желісі арқылы «20 млн қазақтың болашағы үшін 15 мың жемқор қазақты өлтіріп, үйлерін трактормен сүріп тастап жермен жексен ету керек. Сол кезде нәтиже болады, «Оян қазақ аттан. Жау өкіметте қуып шық. Жау далада емес. Құл болмай тұрғаныңда әрекет етіп жеңіске жет қазағым!» деген жазба жариялаған.

Тергеу барысында жасалған сараптама бұл сөздерді “ұлттық қатыстылығына қарай оларға қарсы агрессивті, зорлық-зомбылық әрекеттерді жүзеге асыру арқылы, ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттер” деп таныған.

ҮКІМ

Жаңаөзен қалалық сотының судьясы белсендіні осы сөздері үшін кінәлі деп тауып, қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігіне (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сай, оны 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу туралы шешім шығарған. Сондай-ақ ол 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке, Қазақстан Республикасының жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш – 73 840 теңге төлеуге міндеттелді.

Одан бөлек белсендіге 3 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысу, медиаға сұхбат беруге, митингке шығуға, әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салынды.

БЕЛСЕНДІ ТУРАЛЫ

Жадыра Досекеева 11 баласы бар жаңаөзендік белсенді. Ол билікті сынап, бейбіт наразылық акцияларына жиі шыққан. Оның жазбаларында билікті ауыстыру, Қаңтар оқиғасын әділ тергеу, саяси тұтқындарды босату туралы талаптар да қойған.