АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп Палестина ұлттық әкімшілік басшысы Махмуд Аббасқа Газа секторындағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға барынша тырысатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жұма күні Дональд Трамп Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында ол Газа секторындағы атысты тоқтатуға әрекет ететініне сөз берді.
Бұл екі саяси көшбасшы соңғы рет 2017 жылы сөйлескен еді.
Өткен жылдың шілдесінде Трамп Аббастан келген хатты жариялады. Онда Палестина басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты алаңдаушылық танытатынын айтып, өңірде бейбітшілікті сақтау үшін барын салатынын айтқан.
«Аббас Трампты жаңа мерзімге президенттік лауазымға сайлануымен құттықтап, оған қызметінде сәттілік тіледі. Ол, сондай-ақ, Трамппен бірге халықаралық легитимділік пен қағидаттарға негізделген әділетті әрі кең қамтулы әлем қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді» делінген Палестина басшылығының хабарламасында.
– Өз кезегінде Трамп соғыстың тоқтауын қалайтынын, ол үшін президент Аббаспен де, өзге өңірлік әрі жаһандық мүдделі тараптармен де аймақта бейбітшілік орнауы үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін білдірді, деп хабарлады Палестина президенттігінің өкілдері.