Қазақстанда биылғы алғашқы жартыжылдықта қылмыс деңгейі төмендегені тіркелді. ІІМ дерегінше, тіркелген қылмыс саны 10%-ға азайған. Бұл былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 мың дерекке кем, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ алқасының отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомствоның алты айдағы жұмыс қорытындысын баяндады.
Министрлік мәліметінше, ұрлық саны 16,4%-ға, мал ұрлығы 15,8%-ға, ал интернет-алаяқтық деректері 7%-ға азайған.
Сондай-ақ, жыл басынан бері полиция ұйымдасқан қылмысқа қатысты 38 қылмыстық іс тіркеген. 160-тан астам адам жауапқа тартылып жатыр.
Алты ай ішінде құқық қорғау органдары 1880-нен астам есірткі қылмысының жолын кескен.
Бұған қоса, алты ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Оның бірі – трансұлттық қылмыстық топ.
Қылмыстық істер бойынша зардап шеккендерге 34 млрд теңгеден астам шығын өтелді.
Интернет-алаяқтардың құрбандарына 4,8 млрд теңге қайтарылған. Тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына құқық қорғаушылар дер кезінде тосқауыл қойған.
Сондай-ақ, шамамен 150 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.
ІІМ дерегінше, елде жол-көлік оқиғаларының саны да төмендеген.
Жол апаты 4%-ға азайған. Қаза тапқандар саны 20%-ға, зардап шеккендер 7%-ға кеміген.