×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бұл біздің пікір емес»: АсарУме қорының басшысы Айтбек Амангелдіден кешірім сұрады

12.11.2024, 17:40
«Бұл біздің пікір емес»: АсарУме қорының басшысы Айтбек Амангелдіден кешірім сұрады
Ulysmedia коллажы

АсарУме қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі Асхат Нұрмашев Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден кешірім сұрады. Нұрмашевтің айтуынша, волонтердің Салтанат жайлы пікірі бүкіл "Асар-Уме" қорының ұстанымы емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕСЕП ЖАЙЛЫ

– Бір адамдар ашуланып жатыр. Халықтың өз қорына жылдар бойы жолдап жатқан ақшамыз қайда кетіп жатыр – ақша босқа беріп жатырмыз ба деп сұрайды. Бізге қарсы ақпараттық тапсырыс жүріп жатқандай әсердемін. Неге солай екенін түсіндірейін. Бізде жалпы бәрі қарай алатындай қаржылық есептер ашық дереккөздерде тұр. Аудит есептері де. Органдарда да, халықаралық деңгейде де. Бұл есептерді мыңдаған адамдар біледі. Видеоесептер де бар. Жүздеген компания бізбен серіктеспей тұрып, аудиторлық тексерістерді зерттейді. Оның бәрін БАҚ-қа тағы да түсіндіруге дайынбыз, – дейді ол.

“БІЗДІҢ ПІКІР ЕМЕС”

Нұрмашев бірақ қазір мәселе онда емес дейді. Сөзінше, ашықтық пен аудиторлық есептер мәселесі шетте қалған.

– Бізді енді басқа жағынан қаралағысы келеді. Ол – Қазақстанның қазіргі трагедиясына қатысты іс. Салтанат Нүкенованың өлімі. Бізде елде жүздеген волонтер бар. Соның бірі – АсарУменің қызметкері емес – бос уақытында ғана көмектесіп жүрген адам пікірлерінде Салтанатқа қатысты көзқарасын жазған. Бізді сол жағдай тығырыққа тіреді. Неге? Не қылған қате ұстаным? Бірақ ол оның позициясы. Енді келіп, кейбір адамдар мені қаралағысы келеді. Бұл – Асхат Нұрмашев пен АсарУменің позициясы деп есептейді. Олай емес. Бұл әділетсіз. Бұл халықтың ортақ трагедиясы. Біз волонтердің пікірі үшін кешірім сұраймыз. Бұл біздің пікір емес, – дейді ол.

ШУ НЕДЕН ШЫҚТЫ

"Асаруме" мәдени-білім беру қорының мүшесі Елжас Шора бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіруге Салтанат Нүкенованың өзі итермелеген деп пікір қалдырған. Оның бұл сөзі марқұмның ағасы Айтбек Амангелдінің ашуын туғызған.

– Әр қазақ әйелі – жалғызым. Өте керемет сөздер. Жеке өз басым әйелдер қауымын, ана-апа, қарындастарымызды сыйлаймын. Бірақ өкінішке орай, әйел кісілер бар арақ ішетіндер, темекі шегетіндер. Клубта жұмыс істейтін таныс жігіт Салтанат министрдің әйелі бола тұра клубтарда жүретін дейді қысқа көйлек киіп, мас болып. Аллаһ кешірсін, қатты айтсам. Ақиқатты айту керек. Әрине бұл ажал. Осы өлімге күйеуін итермелеген Салтанаттың өзі деп ойлаймын. Жатқан жері жайлы болсын. Ішімдік ішіп өлгені өте ауыр болады өзіне. Аллаһ кешіріп, рахымына бөлесін. Салтанаттың жағдайы барша әйелдерге сабақ болсын. Өтініш, ана, әйел, апа, қарындас сөзге сай болыңдаршы. Арақ ішпеңдер, күйеулеріңізді тыңдаңыздар. Жаман болмайсыздар. Иә, келісемін, тура осындай еркектер оңбаған, – дейді ол.

АЙТБЕК АМАНГЕЛДІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді осы пікірді сторисінде бөлісіп, өткір реакция білдірді. “Сендер құтырып кеткен жоқсыңдар ма? Сөздеріңе жауап беріңдер! Халықтың есебінен ақша жинап, әбден үрейді ұмытқан екенсіңдер” деп жазды ол.

– Мұсылманбыз дейтіндердің шын бейнесін қараңдар. Шын мәнінде, азып кеткен … (нормативтен тыс лексика). Халық ақшасына семіргені соншалық беттері кадрға сыймайды. Оған қоса бірдеңе дейді, – деп жазды Амангелді.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.