×
493.85
519.04
4.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
493.85
519.04
4.97

«Түнімен жұмыста отырады»: Тоқаев мемқызметшілердің сыйақысы жөнінде айтты

Бүгін, 16:28
«Түнімен жұмыста отырады»: Тоқаев мемқызметшілердің сыйақысы жөнінде айтты
Ulysmedia коллажы

Президенттің айтуынша, қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында осы мәселе жөнінде айтқан.

– Жақында мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатындығы туралы мәселе қызу талқыланды. Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын, – дейді ол.

Тоқаевтың сөзінше, Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек. Соған сәйкес тиісті тапсырма берілген. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс екенін де атап өтеді.

– Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр, – дейді ол.

Президент “біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз” деп мәлімдеген.

– Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар, – дейді ол.

ӘҢГІМЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

“Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер енді сыйақы ала алмайды” деген ақпарат бұған дейін көп талқыланған еді. Қыжылын тұспалмен болсын біршамасы әлеуметтік желіге қалдырған. Кейбірі "басшылардың қалтасын жұқартпаса да, қарапайым, қатардағы мемлекеттік қызметкерлерге қиын болады" деп те жазған. 

Ulysmedia.kz тілшісі бүгін Астанада өткен шетелдік инвесторлардың кеңесінде өзі көрген бірнеше министрден осы мәселе жөнінде пікір біліп, сол басшылардың өздері қанша айлық әрі сыйақы алатынын біліп көрген болатын.