Өзін-өзі жариялаған Абхазия Республикасының басшысы Аслан Бжания жаппай наразылықтар мен оппозиция ультиматумынан кейін Сухумиден кетіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Абхазия президенті Аслан Бжания өзінің отставкаға кетуін талап етіп отырған оппозицияның қысымынан кейін Сухумнан шығып кетті. Бұл туралы ақпарат саясаткердің баспасөз қызметінің Telegram-каналында шықты.
Сондай-ақ «Абхазия президентінің баспасөз қызметі мемлекет басшысы халыққа сөйлеген сөзінен кейін Ресей әскери базасының аумағына қоныс аударды деген оппозиция таратқан жалған ақпаратты жоққа шығарады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар республика басшысы қазір туған жері Тамыш ауылында екені айтылды. Бұған дейін оппозиция жетекшісі Ливан Микаа Абхаз билігімен келіссөздер президент «қашып кеткендіктен» тоқтатылғанын айтқан.
15 қараша күні кешке Абхаз Республикасының басшысы қызметінен кетуден бас тартты. Бжания үкімет мүшелері ретінде өзі, вице-президент пен премьер-министр Абхазияда екенін және жұмысын жалғастыратынын мәлімдеген болатын.