Ақмола облысы Қорғалжын ауданында газ жарылысынан зардап шеккен 16 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің арасында үш бала мен 13 ересек адам бар екенін мәлімдеді. Зардап шеккендердің жетеуі реанимация бөлімінде. Тағы жеті адам Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының политравма, эндопротездеу және комбустиология бөлімшесіне орналастырылған.
– Алдын ала диагноз – әртүрлі дәрежедегі жалынның термиялық күйіктері. 25-30% термиялық күйік алған үш бала Астана қаласының №2 балалар ауруханасының ОАРИТ (қарқынды терапия бөлімшесі) ауруханасына жатқызылды, — деп түсіндірді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында болған. Ғимараттағы жарылыстың салдарынан 1978 жылы туған ер адам қайтыс болды. Құтқарушылар үйінді астынан 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың денесін тапты.