×
495.95
524.37
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.95
524.37
4.98

Бәрі Перизат Қайрат деп шулайды, ал мемлекеттің миллиардтары қайда – депутат

Бүгін, 14:52
Бәрі Перизат Қайрат деп шулайды, ал мемлекеттің миллиардтары қайда – депутат
Ulysmedia коллажы

Депутат Анас Баққожаев ІТ-саланың мәселелері талқыланған жиында жылдар бойы Астана-хаб пен Алматыдағы технопаркке бөлінген қаражатқа сұрау салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Анас Баққожаев осыған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың бәрі де дұрыс орындалмаған деп есептейді.

– Бізде мұрағат деген дүние бар. Қазақстанда біріншісінен бастап қандай бағдарламаны алып қарасаңыз да, сол кездегі уәде әлі созылып келе жатыр. Технопарктердің өз-өзін ақтауына жету делінген мұнда. Ал технопарктің құрылғанына 10 жыл болды. Құрылған кезде берілген уәде орындалмады. Салық жағынан жеңілдік берді. Қаражат қаншама бөлінді. Ол ақша қайда кетті? Кеше Перизат Қайрат деген 1,5 млрд теңгені ұрлапты деп бүкіл Қазақстан шулап жатыр. Ал мұнда қанша миллиардтар қайда кетіп жатыр? Өзін-өзі ақтайды деп қазір тағы күтеміз, 10 жылдан кейін осы мәселеге қайтып оралмайтынымызға кім кепілдік береді? – деп сұрады депутат мәжіліске келген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннен.

Вице-министр өз жұмыстарының бір бағыты бюджеттен бөлінген қаражатты азайту екенін айтады.

– Қазақстанның басқа аймақтарындағы хабтарды қолдауға арналған бағдардаманы қосымша ұсынуымыз керек. Былтырдан бастап 10-нан астам аймақтарда хаб ашылды. Енді қаражатты сол аймақтарға бөлу көзделіп отыр. Ары қарай осындай нормаларды қолдайтын болса, азайтуға (қаражат) жұмысты бағыттайтын боламыз, – дейді ол.

Шенеуніктің жауабы депутатты қанағаттандырмағаны байқалды.

Бұған дейін сенатта сөз сөйлеген цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев кейінгі үш жылда Astana Hub мемлекет бюджетінен 7,2 млрд теңге аударылғанын атап өткен. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылы 2,6 млрд теңге, 2023 жылы 2,5 млрд теңге, 2024 жылы 2,1 млрд теңге бөлінген.