×
$
471.98
543.39
5.82
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
471.98
543.39
5.82

Сайлау алдындағы сан уәде: партиялар халық сенімін қалай жауламақ?

Бүгін, 13:45
Сайлау алдындағы сан уәде: партиялар халық сенімін қалай жауламақ?
Ulysmedia.kz коллажы

23 тамызда Қазақстанның әрбір азаматы маңызды таңдау жасауы тиіс: Құрылтайда өз мүддесін білдіруді қай партияға сеніп тапсырады? Үгіт-насихат науқанының алғашқы күндерінде-ақ партиялықтар әлеуметтік желіде бір-бірін түйреп, кәсібиліктің жоқтығы мен популизмді бетке басып, пікір таластырып, сайлаушылармен жүздесіп, тіпті нақты азаматтардың түйткілдерін шешуге уәде беріп те үлгерді. Алайда, ең басты сауал осы бір қарбалас науқанның тасасында қалып қойғандай: қарапайым халық нақты бір партияға дауыс беру арқылы не ұтады?

Бұл сауалдың жауабын партиялардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделеу арқылы ғана табуға болады. Өйткені партиялықтар орындай алмаса да, тым болмаса орындауға ұмтылатын басты құжат – осы берген уәделері. Ulysmedia.kz саяси ұйымдардың платформаларын саралап, олардың ұстанымдарындағы тоғысатын тұстар мен басты айырмашылықтарды анықтады. Сондай-ақ әр партия елді гүлдендіруге бастайтын өз жолын қалай елестететінін қарапайым әрі қысқаша түсіндіруге тырысамыз.

Істейміз, шешеміз бе, әлде ақыл айтамыз ба?

Еске салсақ, Құрылтайға өтуді көздейтін 7 саяси партия бар. Олардың барлығы да өз сайлауалды бағдарламаларында сайлаушыларға даму мен өркендеуді уәде етеді. Жалпы алғанда, жазылған тармақтарға сүйенсек, бұл – баяғы «жақсылықты жақтап, жамандыққа қарсы тұру» күресі. Дегенмен, айқын айырмашылықтар да жоқ емес. Олардың бәрі сайлаушымен диалог құру сипатынан байқалады.

Бағдарламасының әр бөлімін дерлік «Әділет» партиясы нақты етістіктерден бастапты.

«Біз өңдеу өнеркәсібінің өсімі мен жаңа өндіріс тізбектерін қамтамасыз етеміз, агроөнеркәсіптік кешенді күшейтеміз, өңірлерге ресурстардың әділ бөлінуін қамтамасыз етеміз, қоршаған ортаны қорғаймыз және білімді экономиканың жаңа салаларына айналдыра отырып, ғылым, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға жағдай жасаймыз», – дейді олар.

Құрылтай мандаттарының басым бөлігін дәл осы партия иеленетініне қазір ешкім де, тіпті олардың бәсекелестері де күмән келтіре қоймайтын сияқты. Соған қарамастан, кейбір партиялар да өз сайлауалды бағдарламасын бірінші жақтан берілген нақты уәделерге құрған.

«Біз адал әрі жауапты кәсіпкерлік жүргізетін, яғни жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлердің құқықтарын сақтайтын, инфрақұрылымды дамытатын, қоғамның дамуына үлес қосатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Біз адал бәсекелестікті белсенді түрде қолдайтын боламыз. Бәрі бір қолда шоғырланған жерде әрбір сатып алушы зардап шегеді, ал адал бәсеке бағаны арзандатып, сапаны арттырады», – деп жазады Respublica партиясының өкілдері.

Кейде олар мәтінді үнемдегісі келгендей, оқырманмен диалог жүргізуді ұмытып, іске асырғысы келетін тармақтарды жай ғана тізіп шығады, бірақ жалпы алғанда бастапқы бағытынан таймайды.

Сайлаушымен «бетпе-бет» тілдесу жолын «Ауыл» партиясы таңдаған сияқты. Партия өкілдері өз тезистерінің бәрін шікірейтіп «БІЗ» бастайды: БІЗ ...деп санаймыз, БІЗ сенімдіміз, БІЗ істейміз... Алайда партия мүшелерінің нақты не істейтінін тізбектеуге келгенде, әр тармақ сайын екпіндері бәсеңдеп: «ықпал ету», «бастамашылық жасау», «ілгерілету» дегенге саяды:

«БІЗ мемлекет басшысының адам мүддесін қорғауға, еңбек құндылығына, ұлттық егемендікті нығайтуға, өңірлердің орнықты дамуына және әрбір азаматтың – қалада да, ауылда да – лайықты өмір сүруге, дамуға және өзін көрсете білуге мүмкіндік алуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған саясатын толықтай қолдаймыз».

Одан әрі: біз бастамашылық жасаймыз, ықпал етеміз, қатысамыз... Әр тезис бойынша ондаған тармақ бар, бірақ ешқайсысында нақты іс-әрекет жазылмаған.

Ештеңе уәде етпедік пе?

«Байтақ» партиясы, бағдарламаларына қарағанда, Құрылтайда жай ғана кеңес беріп отыра ма, әлде кімнен екені белгісіз кесіп-пішіп талап ете ме – мұны әлі толық шешпеген тәрізді. Бөлімдер «біз ұсынамыз» деп басталып, кейін мәселенің мән-жайы ашылады да, соңында «біз не істейміз» деп түйінделеді. Содан байтақтықтар неге екені белгісіз жоспарланған істердің тізімін жай ғана санамалап шыққан.

Мысалы, партия мынадай фактіні алға тартады: қазақстандық зауыттар өткен ғасырдың өлшемімен жұмыс істеп жатыр.

«Орасан зор пайда қожайындардың қалтасына кетеді, ал жергілікті тұрғындарға ауру-сырқау қалады. Егер кәсіпорын халықты улап жатса – ол елге пайда әкеліп отырған жоқ. Ол зиян тигізуде, ал бұл зиянның зардабын біз ондаған жылдар бойы тартамыз», – дейді байтақтықтар.

 Сондықтан партия жағдайды барлық ірі өнеркәсіптік ластаушы кәсіпорындарға тәуелсіз экологиялық аудит жүргізу ғана құтқарады деп шешкен.

«Ал аудит нәтижесі бойынша ластаушылардың тәуелсіз тізілімі жасалып, қоғам жағдайды түзетуге қол жеткізу үшін солармен жұмыс істейтін болады», – делінген бағдарламада.

Қалған партиялар неге екені белгісіз сайлаушымен жеке қарым-қатынас жасайтын есімдіктерден мүлдем бас тартып, өз сайлауалды бағдарламаларында өздері туралы үшінші жақта баяндауды жөн көріпті.

 «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкімет құрамы барлық парламенттік партиялардың өкілдігін ескере отырып қалыптасуы тиіс деп санайды, мұндай Құрылтай атқарушы билікпен пікірталас жүргізіп қана қоймай, Үкіметтің барлық жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін жауапкершілікті де артады», –  деп жазған ақжолдықтар.

Ал ЖСДП-ның тұжырымдары мен тезистері тіпті саяси бірлестіктің ұстанымы емес, айдан анық аксиома сияқты құрылған.

«Қазақстан үшін де әлемнің көптеген елдері сияқты барлық мемлекеттік жоғары білім беруді толықтай тегін ету уақыты келді. Ақпараттық-цифрлық қоғамның «білім экономикасына» жедел өтуді қамтамасыз ету, білім, ғылым мен өндірісті біртұтас инновациялық-инвестициялық процеске біріктіруді жүзеге асыру қажет», –  дейді ЖСДП өкілдері.

Қалай десек те, депутаттардың міндеті – тек айқын нәрселерді дабыра қылу емес, олардың іске асуына қол жеткізу. Ал партиялықтар кейін өздері дұрыс деп санаған нәрсе үшін күсесе ме, әлде нақтыланбаған уәде – уәде саналмай ма?

Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын ұсыныстардан құралған, бірақ кейде оларды нақты ниеттермен бекітіп отырады:

«Қазақстан Халық партиясы коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйін ашық есепке алуды ұсынады. Тұрғындар қай желілердің жөнделіп жатқанын, қанша қаражат бөлінгенін, мердігердің кім екенін және жұмыстың қашан аяқталатынын көріп отыруы тиіс», – дейді олар.

Одан кейін ТҮКШ-ны модернизациялау ақысын азаматтардың өздері төлеуге тура келетінін меңзеп, партиялықтар сөзін былай жалғастырады:

«Халық партиясы барлық жылу-электр орталықтарын, электр желілері мен сумен жабдықтау жүйелерін ауқымды жаңғыртуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлеңкелі схемаларды жойып, инвестициялардың абсолютті ашықтығын қамтамасыз ете отырып, әрбір теңгеге қатаң мемлекеттік бақылау енгізуге ниетті».

Ортақ түйткіл

Дей тұрғанмен, партиялардың бірі өз сайлауалды бағдарламасында өзгелеріне түбегейлі қарсы шықты деуге келмейді. Бәрі де алғашқы жолдардан-ақ ҚР президентінің бастамаларын қолдайтынын және оларды іске асыру бағытында жұмыс істейтінін мәлімдейді. Сонымен бірге, Құрылтайдағы орындар үшін таласып жатқан бәсекелестедің бағдарламаларында ұқсас тармақтар да бар. Яғни, әртүрлі партия өкілдері көзделген мәселелерді парламентте бірлесе отырып қорғайды, демек, олардың орындалуына қалай да қол жеткізеді деген сөз.

Осы ортақ дүниелердің ең бастысы – бюджет пен бюджеттен тыс қорлардың ашықтығы. Парламентшілер алдында тек министрлер ғана емес, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ ӘСМҚ мен БЖЗҚ сияқты алпауыттардың басшылары да есеп беруі тиіс екенін барлық партия айтқан.

Экономиканы мемлекет иелігінен шығару мәселесінде де партиялардың ынтымақтастығы қуантады. «Әділет» партиясы мемлекет жеке кәсіпкерлер игеріп жатқан бизнес салаларынан кетуі тиіс деп кесіп айтады. Бұған ұқсас тезистер бизнес партиялары –  «Ақ жол» мен Respublica бағдарламаларында да бар. Олар сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттің сервистік моделіне бет бұрғанын, яғни шенеуніктер бизнес айдынындағы ойыншы емес, төреші болуы тиіс екенін еске салады. Мұны ЖСДП да қолдайды.

Бұл ретте «Байтақ» мен «Ауыл» партияларының өкілдері мемлекеттен жеңілдетілген кредиттер мен ірі жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты қатаң бақылау күтеді.

Бизнесті кім жек көрсін...

Тек бағдарламаларға қарап баға берсек, бүгінде кәсіпкерлерді барлық саяси күштер жақсы көреді. Және оларды қолдауға дайын. Айырмашылық тек  партиялардың бұл қолдауды қалай түсінетіндігінде.

Respublica салықтық жеңілдіктер, қолжетімді кредит беру, инвесторларды қорғау, еңбекақы қорынан төленетін міндетті төлемдерді азайту, креативті экономиканы, необанктерді және дерлік барлық саладағы жеке бастамаларды дамыту туралы айтады.

«Ақ жол» өзінің бағдарламасында өзгеше аспектілерге назар аударған – кәсіпкерлер үшін қылмыстық жазаны айыппұлдармен алмастыру және шетелден активтерді қайтару.

«Әділет» индустрияландыруға, өндірісті, цифрлық экономиканы дамытуға және инвестициялар тартуға басымдық береді.

«Байтақ» егер салық жүйесін жеңілдетіп, мемлекеттік монополияларды жойса, қазақстандықтардың өздері де бизнеске ұмтылып, өзін-өзі қамтамасыз ете алады деп санайды.

«Ауыл» кәсіпкерлікті ең алдымен агроөнеркәсіптік кешен призмасы арқылы қарастырып, фермерлерге, ауылдық кооперацияға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қолдау көрсетуге уәде берген.

Тіпті әрқашан қарапайым еңбеккештерді жақтап келген Халық партиясының өзі отандық өндірісті дамыту қажеттілігін алға тартады.

ЖСДП да жеделдетілген индустрияландыруды жақтайды, бірақ шетелдік компаниялар Қазақстанға келгенде өз бизнесінің кемінде 50%-ын оқшаулауға (локализациялауға) міндетті болады деген шарт қояды.

Әлеуметтік көмек һәм масылдық

Партиялардың бәрі де мұқтаж жандарды қолдауға ерекше назар аударған. Бәрі бір ауыздан көмек көрсетілуі тиіс, бірақ тек атаулы әрі уақытша болуы керек деп есептейді.

«Мемлекеттік қолдау шынымен де мұқтаж жандарға, проактивті түрде әрі бюрократиялық кедергілерсіз, адамның қадір-қасиетін құрметтеу негізінде берілуі тиіс. Әділетті әлеуметтік жүйе масылдық пен тәуелділікті күшейтпеуі керек  ол адамға тұрақтылық пен қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігін табуға көмектесуі тиіс», – деп жазады «Әділет» партиясы.

Партиялар атаулы көмекті де қайта қарау маңызды деп санайды. Мысалы, Халық партиясы оның көлемі АЕК-ке емес, тек азық-түлік қана емес, адам өмірінің басқа да аспектілерін ескеретін ең төменгі күнкөріс деңгейіне негізделуі тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, барлық партия қазақстандықтар жұмысы және еңбегіне сай әділ ақы алуы керек деген пікірде тоғысады.

Баспана басты көзір

Құрылтайға түсіп жатқан дерлік әрбір партияның бағдарламасында бар тағы бір аспект – қолжетімді баспана. Өкінішке қарай, партиялықтар оны әртүрлі түсінеді.

ҚХП мен ЖСДП, сондай-ақ «Байтақ» пен «Ауыл» мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй қорын дамытуды жақтайды. Олар мемлекет ұсынған арзан пәтер ғана жас қазақстандықтардың аяқтан тік тұруына және ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі деп сендіреді. Бұл ретте ҚХП, ЖСДП және «Байтақ» құрылыс салушылар үшін ойын ережелерін қатаңдатуды ұсынады.

«Әділет», «Ақ жол» және Respublica жеңілдетілген ипотеканы құптайды. «Әділет» қазақстандықтардың баспанамен қамтылуын жан басына шаққанда 25 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін жеткізуге уәде береді. Әрі құрылыс, олардың пікірінше, қалаларда да, ауылдарда да жүруі тиіс. «Ақ жол» болса, ипотеканы отбасыдағы бала санына байланысты субсидияласа, ол бала туу көрсеткішінің артуына түрткі болады деп есептейді.

Тобықтай түйін

Партиялардың идеялары кейде қайталанғанымен, ең толығы әрі нақтыланғаны – «Әділет» партиясында. Партия ең ауқымды, ең нақты бағдарлама ұсынған: барлық уәделер жай тезистермен шектелмей, сандармен бекітілген. Қанша шақырым жол жөнделеді, қанша жұмыс орны ашылады, қанша қызмет цифрландырылатынына дейін көрсетілген.

Бағдарламаның басым бағыты – экономиканы жаңғырту, жаңа өндірістерді іске қосу, шикізатты терең өңдеу, ғылым мен цифрлық технологияларды дамыту. Партия кәсіпкерлікті қолдаймыз деп жай айта салмай, бес жылдан кейін экономикадағы орта бизнестің үлесін 20%-ға дейін немесе үш есеге арттыруға қол жеткізетінін сенімді түрде мәлімдейді.

«Қоғамның сенімін ақтау керегін түсінеміз. Сондықтан «Әділет» партиясы өзіне шынайы сөйлеу, ашық жұмыс істеу, өз әрекеттерін түсіндіру және нәтиже үшін есеп беру міндеттемесін алады. Біз өзімізді адамдардың өмірі қаншалықты өзгеретініне, мемлекетке деген сенімнің нығаюына және лайықты өмір сүру мүмкіндіктерінің кеңеюіне қарай бағалайтын боламыз», – делінген партия бағдарламасында.

Шындығында, бұл – Қазақстан саясаты үшін жаңа стиль: жай ғана мәселені тізбектеу және оны шешу үшін ананы істеймін, мынаны істеймін деп бос уәде беру емес, өз уәделері үшін жауапкершілік алуға дайын болу.

Осындай стратегияны елдегі барлық саяси партия ұстанар болса, мемлекеттегі басты лауазымдар үшін шынайы бәсекелестік туралы айтуға болатын шығар. Әзірге өзге саясаткерлерді ел өміріндегі екінші пландағы рөл толық қанағаттандыратындай әсер қалдырады. Ал кейбірі тіпті негізгі құрамға өтетініне сенбейтін де сияқты.