«Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды. Мекеме «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығына» қарайды.
ИНСТИТУТ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, институт жұмысы асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр.
– Жергілікті қостанай, адай және соғымға арналған мұғалжар, жәбе, күшім генотиптерін көбейту үшін селлекциялық және асылдандыру бағытында жұмыстар белсенді жүргізілмек. Ол үшін жылқылардың әртүрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қорын және ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ. Сондай-ақ, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханалық пунктін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспарланып отыр. Арнайы жылқы ветеринарлық клиникасын ашу арқылы ветеринариялық қызмет көрсету деңгейінің сапасы жақсарады – дейді мамандар.
МЕЖЕ
2035 жылға дейін жылқы шаруашылығында ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының бірі – отандық популяциядағы жылқылардың генетикалық әлеуетін селекциялық, технологиялық әдістермен арттырып, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тауар шаруашылықтарына кеңінен енгізу. Министрлік мұның бәрі өсірілетін тұқымдар өнімділігінің 20-25%-ға өсуін қамтамасыз ететініне сендіреді.
Бұған дейін президент Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырған.