Жаңаөзенде жантүршігерлік жол апатынан 13 жастағы жеткіншек қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Ауыр жарақат алған тағы 2 оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Куәгерлердің айтуынша, мопедке мінген 3 бала жеңіл көлікпен соқтығысқан. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Мектеп оқушылары мінген қос дөңгелекті құрылғы темір тұлпардың бүйірінен соғып, үш бала үш жаққа қарай құлаған. Оның біреуі сол жерде көз жұмған.
Полиция арнайы сараптама тағайындап, қылмыстық іс қозғады. Жол апатына нақты кім кінәлі екені әзірге белгісіз.
ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Ал дәрігерлер аман қалған 14 жастағы екі баланың жағдайы ауыр деп отыр.
Қазір балалардың жағдайы өте ауыр. Бір бала өкпені жасанды желдету ИВЛ аппаратында жатыр. Екінші науқастың сан сүйегінің сынған және көп қан жоғалтуына байланысты жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. Алған жарақатының ауырлығына байланысты отаға дайындап жатырмыз, – деді Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Марат Еділханов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салсақ, Өскемен-Самар тас жолының 75-ші шақырымында Самар ауданына тау-кен жұмыстарын жүргізуге арналған затты тасымалдау кезінде жарылыс болған еді. Салдарынан VOLVO маркалы жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапты.