Психологтар адамның өз-өзімен дауыстап сөйлесуінің едәуір пайдасы барын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы doctorpiter басылымына сілтеме жасап.
МАМАН НЕ ДЕЙДІ
Висконсин — Мэдисон университетінің психология профессоры Гари Лупиан адамның өз-өзімен дауыстап сөйлесуі өте қалыпты әрі тіпті пайдалы деп сендіреді. Оның сөзінше, мұндай әдіс өмірдегі күрделі мәселелердің шешімін табуды жеңілдетеді.
Профессор зерттеу жүргізіп, сөздердің күшін адамдар анық бағаламайды деген тұжырымға келген. Ол өз тәжірибесінде еріктілерге кездейсоқ фотосуреттер жиынтығын көрсетіп, сол суреттердің ішінен шанышқы секілді заттарды тауып беруді өтінген. Адамдар заттың атауын дауыстап айтқан кезде оны тезірек тапқан.
– Дауыстап сөйлеу арқылы сіз іздеу кезінде заттардың визуалды бейнесін назарда көбірек ұстай аласыз, — деп түсіндіреді Лупиан Тime басылымына.
Сондықтан келесі жолы кілтті жоғалтып алып, оны іздеп пәтерді аралап кеткенде "кілт, кілт, кілт" деп дауыстап қайталап көріңіз — ол тезірек табылуы мүмкін.
УАЙЫМДЫ ЖЕҢУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ
Америкалық психологтардың зерттеуіне сәйкес, адам мазасыздықты, уайымды сезінгенде немесе қорқынышты жайтқа тап болғанда, өз-өзімен сөйлесуге бейім болады. Адам өз уайымын сейілту үшін дауыстап шешім іздегені жақсырақ дейді олар.
Терапевт Габриэль Морзе мұндай жағдайларда мына сөздерді дауыстап қайталауға кеңес береді:
– Мазасыз ойлар логиканы оңай жеңе алады, бірақ бұл тұжырымдарды еңсеруге ауызша, дауыстап айту көмектеседі. Әсіресе, сізде қатты эмоциялар болған кезде", - деп түсіндіреді терапевт.