Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БҰҒАН ДЕЙІН
Астанада өткен Қазақстан судьяларының съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары сот кеңесінің құрамы қайта қаралатынын айтқан болатын.
Жоғары сот кеңесі тәуелсіз әрі кәсіби соттар корпусын құруда гарант болуы тиіс. Сонда ғана сот жүйесі құқықтың үстемдігін, азаматтар мен бизнестің құқығының шынайы қорғалуын қамтамасыз ете алады. Осы мақсатта 2021 жылы Жоғары сот кеңесінен Әділет министрі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы шығарылды. Ары қарай осы жұмысты жалғастырып, судьяларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Жоғары сот кеңесінің құрамын қайта қарау керек, – деген еді президент.
«СУДЬЯЛАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖӨН»
Сондай-ақ Тоқаев соттың кәсібилігі барынша шынайы болуы тиіс екенін айтқан.
Халықаралық тәжірибе осындай органдарда прокуратура өкілдері болуы керектігін көрсетеді. Жоғары сот кеңесінің үйлесімді құрамын қалыптастыруды дұрыстап зерттеген абзал. Сонымен бірге судьяларды әрдайым өз құзіретін арттырып, өз жұмысына жауапты түрде келуіне жігерлендірген жөн. Біз Жоғарғы соттың судьялардың біліктілік санатын қайтару бастамасын қолдаймыз. Соттың кәсібилігі барынша шынайы болуы тиіс. Бұл қадам судьялар корпусының кадрлық құрамының сапасын арттырар деген сенімдемін, – деді президент.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Абзал Құспан «сот саласы жабық корпорацияға айналып кетті» деп мәселе көтеріп, премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған еді. Ulysmedia.kz тілшісі бұл жөнінде судьялардың өзі не ойлайтынын, қалай жауап беретінін Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтен сұраған болатын.