Бүгін (1954) актер, театр режиссері, кинорежиссер, кинодраматург, Казақстанньң халық әртісі Талғат Теменовтің туған күні, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Талғат Досымғалиұлы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін, Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын бітірген.
Талдықорған облыстық драма театры труппасының актері, «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші, кинорежиссері, қоюшы кинорежиссері, «Мосфильм» студиясының кинорежиссері қызметтерін атқарған.
1994-2000 жылдары Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры, 2000-2004 жылдары «Қазақфильм» кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі, 2005 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры, 2014 жылы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Франкфурт қаласында өткен XV Халықаралық кинофестивальдің Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды.
Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті». «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С. Сматаевпен бірігіп) пьесалар жазған.
Тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан. «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы.
«Құрмет» орденімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (1993).