×
498.51
522.84
4.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.51
522.84
4.81

Израиль мен Хезболла Ливандағы атысты тоқтатуды талқыламақ

Бүгін, 19:39
Израиль мен Хезболла Ливандағы атысты тоқтатуды талқыламақ
Reuters

Сейсенбі күні Израиль үкіметінің басты министрлері Ливандағы "Хезболлаға" қарсы операцияларды тоқтатып, 60 күндік бітімгершілік туралы мәселені талқылайды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

КЕЛІСІМ МӘНІ

Келісім бойынша, Израиль әскерлері Ливаннан шығарылады, ал "Хезболла" өз жауынгерлері мен қаруларын "Көк сызық" (Израиль мен Ливан арасындағы бейресми шекара) пен Литани өзенінің аралығындағы аймақтан әкетеді. Бұл аймақты Ливан армиясының әскерлері бақылауға алуы тиіс.

УАҚЫТША БІТІМ

Израильдің "12-арнасы" хабарлағандай, келісім 60 күндік бітімгершілікті және Израиль құрған Ливанның оңтүстігіндегі буферлік аймақты жоюды қамтиды. Осы уақыт аралығында Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Ливанда қала береді, ал Ливан үкіметі елдегі қару-жарақ сатып алу мен өндірісін бақылауға алып, Израиль әскерлерін біртіндеп Ливан әскерлерімен алмастырады.

АҚШ РӨЛІ

АҚШ бұл келісімді қадағалайтын бес елден тұратын комитетті басқарады. Бұл орган "Хезболла" келісімді бұзған жағдайда, Израильдің Ливанға соққы жасауға құқығы бар екенін мойындайтын құжат жариялайды.

НЕТАНЬЯХУ КЕЛІСІМІ

Times of Israel-дің хабарлауынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл келісімге "негізінен" келісім берген.

Ливан парламенті спикерінің орынбасары Элиас Бу Сааб Reuters-ке берген сұхбатында “егер Нетаньяху өз ойынан айнып қалмаса, бұл келісімді бекітуге ешқандай күрделі кедергілер жоқ” деп мәлімдеген.

ОРДЕР

Бұған дейін халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантқа Газа секторында әскери қылмыстар жасағаны үшін айып тағып, тұтқындау ордерін шығарған.

Тұтқындау ордері аштықты соғыс әдісі ретінде қолдану және адамзатқа қарсы қылмыстар – бейбіт тұрғындарды өлтіру мен қудалау айыптары бойынша шығарылды. Нетаньяху мен Галлант 2023 жылдың қазанынан бастап жасалған қылмыстарға қатысы бар деп күдікке ілінді.

Соттың мәлімдеуінше, Газадағы бейбіт тұрғындарды өмір сүру үшін қажетті заттардан – азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, сондай-ақ отын мен электр қуатынан қасақана және әдейі айыруға қатысты негізді дәлелдер бар. Бұл әрекеттер 2023 жылдың 8 қазанынан 2024 жылдың 20 мамырына дейінгі аралықта жасалған.