Астана қаласының соты азаматтық істер жөніндегі алқасы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты моральдық зиян өтемақысын ұлғайту туралы апелляциялық шағымды қарады. Қаза тапқан әйелдің ағасы Айтбек Амангелді 1,5 млрд теңге талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бірінші сатыдағы сот Бишімбаевтан қылмыстық іс бойынша шығындар үшін 6 877 672 теңге және моральдық зиян үшін 10 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды. Алайда Айтбек Амангелді апелляциялық шағым беріп, моральдық зиян өтемақысын 1,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды талап етті.
Сот материалдарына сәйкес, заңды күшіне енген үкіммен жауапкер арыз берушінің әпкесін өлтіргені үшін кінәлі деп танылған.
– Қаза болған әйелдің ағасы болған оқиға салдарынан моральдық күйзеліске ұшырағанын, денсаулығының нашарлағанын және еңбекке жарамдылығын жоғалтқанын мәлімдеді, – деп хабарлады сот өкілдері.
Қаза болған әйелдің ата-анасы талапкердің пайдасына өтемақы өндіруден бас тартты. Бірінші сатыдағы сот туысының өлімі талапкердің моральдық жағдайына қатты әсер еткенін және оның жеке құқықтарын бұзғанын мойындады. Дегенмен, талапты ақылға қонымдылық және әділеттілік принциптерін ескере отырып, ішінара қанағаттандырды.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырып, талапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
БИШІМБАЕВ ІСІ
Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.
Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.