2025 жылы Ресей Байқоңырдан әскери зымырандар ұшыруды жоспарламайды. Бұл туралы келесі жылға арналған ғарыш аппараттарын ұшыру жоспарының қорытындысынан белгілі болды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Тиісті құжатты Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.
– 2025 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру Ресейдің мемлекеттік «Ресейдің ғарыштық қызметі» бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары және коммерциялық жобалар аясында Байқоңырдан жүзеге асырылады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан 2025 жылы Байқоңырдан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшыру және сынақ зымырандарын іске қосу жоспарланбағанын хабарлады, – делінген түсіндірме жазбада.
Министрліктің баспасөз қызметі келесі жылға Байқоңырдан тоғыз азаматтық ұшырылым жоспарланғанын нақтылады.
Роскосмос ресми түрде бұл жоспарды жарияламаған. Алайда Байқоңырға тур ұйымдастыратын агенттіктердің мәліметіне сүйенсек, алғашқы ұшырылым 12 ақпанда өтуі мүмкін.