×
480.72
548.07
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.72
548.07
6.14

Шай үстіндегі еркін әңгіме: Ulysmedia жаңа диалог платформасын іске қосты

Бүгін, 19:45
Шай үстіндегі еркін әңгіме: Ulysmedia жаңа диалог платформасын іске қосты
Ulysmedia.kz

Ulysmedia-да қоғамдағы өзекті мәселелерді, саяси трансформация үрдістерін ашық талқылауға арналған жаңа форматтағы пікірталас алаңы жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – елдегі маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді сарапшылардың қатысуымен ортаға салып, бүкпесіз диалогқа мүмкіндік жасау.

Жоба авторы әрі модераторы Самал Ибраеваның айтуынша, кез келген саяси өзгеріс пен қоғамдық құбылыстың ең басты шарты – ашық диалог.

«Бүгінгі тарихи сәтті Ulysmedia алаңында, тікелей эфирде бірге атап өтуді жөн көрдік. Қазақтың жақсы ырымымен әңгімені дастархан басында айтпақпыз. 1 шілде, яғни бүгін Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл қоғам үшін, мемлекет үшін жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Жаңа Конституциясы тек билік өкілдеріне ғана емес, азаматтық қоғамға, қазақ еліне қатысты», – деп бастады жиынды UlysMedia бас редактторы Самал Ибраева.

Оның сөзінше, елде қандай өзгеріс, саяси құбылыс болса да, ең бастысы – диалог керек. Бос кеңістікті сапалы талқымен, пайдалы ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Проблемаларды, халықтың үнін, сарапшылардың ұсыныстарын тыңдау қажет. Әртүрлі форматтар мен тәуелсіз алаңдар ешқашан артық болмайды.

Алғашқы кездесу жаңа Конституцияға арналды

Жаңа форматтағы алғашқы кездесу Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналды. «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» тақырыбымен өткен ашық талқылауда қатысушылар Конституциядағы өзгерістердің ел өміріне ықпалына баға берді.

Спикер ретінде экс-депутаттар  Мұрат Әбенов пен Абзал Құспан, Польшаның Қазақстандағы елшісі Михал Лабенда, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге мырзалар, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш, Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарушы директоры Нұрғазы Әнуарбеков, «Қазақстан инвесторлар одағы» қауымдастығының Басқарма төрағасы Рүстам Жүрсінов шақырылды. Сонымен бірге саясаттану, халықаралық қатынастар, кәсіпкерлік салаларындағы сарапшылар Талғат Қабдығали, Айжан Мұқатаева қатысты.  

«Бір жарым сағатқа созылған пікірталас барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, егемендік, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сөз еркіндігі, заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар Польшадағы конституциялық реформалар тәжірибесі мысал ретінде талқыланып, көрермендердің сауалдарына жауап берілді», - деп жазды отырыс туралы Самал Ибраева.

Айта кету керек, бұл жоба алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, қоғамды толғандырған маңызды тақырыптарды ашық форматта талқылайтын алаңға айналмақ.