Түркияның оңтүстігіндегі Анталья қаласында 4,8 балдық жер сілкінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Табиғаттың тозын мінез танытуы кеше түнде Анкара уақытымен cағат 22:13-те (Астана уақытымен 00:13) Анталья провинциясында болды.
ОШАҒЫ ҚАЙДА
Түркия үкіметі Табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Жерорта теңізінің жағалауға жақын аймағында орналасқан. Оның тереңдігі шамамен 35 шақырымды құрады.
ЕЛ-ЖҰРТ ДІН АМАН
Құрбан болғандар мен қираған ғимараттар туралы ақпарат түскен жоқ. Жер сілкінісі курорттық аймақтарда, әсіресе жерасты дүмпулері қатты сезілген жағалаудағы аудандарда жергілікті тұрғындар мен қонақүй қонақтарын алаңдатты. Билік азаматтарды сабыр сақтауға және ресми хабарламаларды бақылап отыруға шақырды.
ШҰҒЫЛ ШАРА
Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр, құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметі ықтимал жер сілкінісі немесе афтершок болған жағдайда жоғары дайындық жұмыстарын жүргізбек.