Павлодар облысындағы дәмханалардың бірінде тұтанған өртті сөндіру кезінде өрт сөндірушілер 13 газ баллонын сыртқа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1 желтоқсан күні «Павлодар-Астана» трассасы бойында орналасқан дәмханалардың бірінде 40 шаршы метр алаңда өрт шыққан.
“Ықтимал жарылыстың алдын алу мақсатында, өрттен әрқайсысының көлемі 50 л болатын 13 газ баллоны шығарылды. Өрт кәсіби өрт сөндірушілермен бірнеше минут ішінде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ”, деп хабарлады ТЖМ.
Еске сала кетсек, кеше түнде (30 қараша күні) Астана қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, ғимараттан 40 адам эвакуацияланды. Ал жақында Жамбыл облысында әйел 2 жастағы сәбиімен бірге тірідей өртеніп кеткенін жазғанбыз.