Мәжілісте «Мәдениет туралы» туралы заң жобасы талқыланып жатыр, еп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заң жобасын талқылау барысында Еділ Жаңбыршин тәрбие мәселесіне назар аударды.
– Қызбен келіспей, сөз байласпай, көшеден салып алып әкетеді. Ол тауар емес, адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ Парламент төрінде қоғамдағы кез келген мәселе талқылануы керекттігін президент айтты. Жігіттерді түсінбеймін: қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт – не қылған жігіт ол? Көшеге барып, қызды бүктеп салып алу деген не? Біз дамыған қоғамда, жетілген қоғамда өмір сүрсек, мәдениетті жағдайға әкелу керек. Басқа ұлттың біреуі олай жасамайды. Жасап жүрген өзіміз. Еуропада, Ресейде оны естідіңіз бе? Үш қызым бар. Бәрінің алдынан өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз жақсы көреміз. Ал бұл қоғамдағы үлкен дерт, – дейді ол.
Депутат қызды ұрлағандар қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін айтты. Не себепті кейбір мемлекеттік органдар оған қарсы болып жүргенін түсінбейтінін атап өтті.
– Яғни, олар қолдап отыр. Балабақшадан бастап санаға сіңіреді. Қызды сыйлау, құрметтеу керек. Ол болашақ ана. Егер оны қорғамасақ, мемлекеттің болашағы да жоқ. Бүл күлетін, ойыншық емес. Мемлекеттің қауіпсіздігі болу керек. Қазақ қазақ болып отырғаны сол қыздарды, аналарды қорғай алғанынан. Оларды жесір етпей, жетімсіретпеу керек. Ойланатын уақыт келді қазақтың жігіттеріне. Сіздер қор болып жүрген қыздардың қорғаңдар, қорламаңдар, – дейді ол.
Депутат министрліктерді осы мәселелерге назар аударуға шақырды.