Павлодарда физика пәнінің мұғалімі жасөспірімді сабақ үстінде TikTok-қа видео түсіргені үшін ішінен ұрған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АУРУСЫҢ БА?»
Желіде оқушының әрекеті мен мұғалімнің жауабы түсірілген видео тарады. Кадрлардан жасөспірімнің үстелін қолымен ұрып, аниме кейіпкерінің әнін айтқанын көруге болады. Содан кейін ол орнынан тұрып, айқайлайды. Сол сәтте жасөспірімнің әрекетіне таңғалған мұғалім: "Аурусың ба?" деп сұрайды. Сосын бір-екі секундтан кейін оқушының ішінен ұрып, орнына жайғасуын талап етеді.
Павлодар қалалық білім басқармасының мәліметінше, мектеп оқушысы "ақымақ" атты аниме кейіпкерінің сөзін сабақ үстінде айта аламын, деп сыныптастарымен бәс тіккен.
Оқушы сыныптастарымен бәс тігіп, орындыққа шығып, TikTok әлеуметтік желісіндегі трендтік дыбысты қайталған. Ол физика пәні мұғалімінің ескертуін елемеген. Осылайша мұғалім физикалық күш қолданған, – деді Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.
ЖҰМЫСТАН БОСАТЫЛДЫ
Қазіргі уақытта мектепте қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Білім беру мекемесінің директоры жасөспірімнің ата-анасымен кездесіп, әңгімелесті. Анасынан да, баланың өзінен де шағым түскен жоқ. Бірақ мұғалімнің мұндай әрекетіне жол беруге болмайды. Оқиғадан кейін мұғалім өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып, әлдеқашан жұмыстан босатылды, – деді Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы.
Әлеуметтік желіде желі қолданушылары мектеп басшылығынан мұғалімді жұмыстан шығармауды сұрады. Олар керісінше оқушының ата-анасын ұлының еркелігі үшін жауапқа тартуды ұсынды.
Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа жыл қарсаңында ешбір мектепте ақша жиналмауы керектігін ескерткен болатын.