Запастағы офицерлер мен сержанттардың бағдарламалары бойынша әскери дайындық ережелеріне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің әскери білім және ғылым департаменті «Запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери даярлық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 шілдедегі № 375 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қорғаныс ведомствосы басшысының бұйрығының жобасын әзірледі.
“Бұл өзгерістер қабылдау, ауыстыру және қалпына келтіру процестерін Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді”, делінген ведомство ақпаратында.
Мемлекеттік қызмет e-Gov порталы арқылы өтінім беру бойынша көрсетілетін болады, ол пайдаланушылардың уақытын үнемдеп, оны орындауда бюрократиялық факторларды болдырмайды.