×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

«Екі аяғы жерге тиіп, бүктеліп отырды»: Қаржаубай Нұрқанаттың денесін қалай тапқанын айтып берді

09.12.2024, 17:36
«Екі аяғы жерге тиіп, бүктеліп отырды»: Қаржаубай Нұрқанаттың денесін қалай тапқанын айтып берді
Ulysmedia коллажы

Талғарда бір топ жігіттің қолынан мерт болған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесін бүгін түнде қалай тауып алғанын видеомен көрсетіп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРЖАУБАЙ НЕ ДЕЙДІ

Қаржаубай Нұрымов әлеуметтік желіге видео жариялап, болған жайтты баян етті. Ұялы телефонының камерасымен түсірілген видеода ол бауыры Нұрқанаттың денесін қалай тапқанын айтып берді.

– Мынау біздің Азат ауылы, Шерзаттың жатқан жері. Бір кісілер “автокөлік осында” дегеннен кейін солардың айтуымен, біз түнде осы биікке келдік. Мына жерде автокөлік тұр екен. Есігі ашық, екі телефоны бар. Көлік оталып тұрған секілді. Бауырымды іздеп жүріп анық түсіне алмадым. Осы жермен жалғыз із жүреді де, жардан түседі. 7-10 метр жардан адамның түсуі мүмкін емес. Осы жерден түсіп, 700 метрдей жермен тас жолға қарай жақындайды.

Жардың бойымен түседі. Ізді қуалап жүрдік. Шақырымға жақын жүрген. Мұсылмандар мен христиандардың бейіті ғой. Ортасымен жүреді. Түнде жалғыз өзі келеді де, біздің үйге жақын жерге, бетонның артына барған. Жіңішке талдың артында екі аяғы жерге тиіп, бүктеліп отырған жерінен тауып алдым. Мойнында жарық диодты сым тұр екен. Бұтаққа байланған. Еркін отыр. Механикалық асфиксияның бір жағында ғана ізі тұр. Қалған жағында тұр. Осы жерден бауырымды алып шықтым.

Түнде көлігін қалдырып, есігін ашып, не себепті келді деп ойлайсыздар? Міне, менің бар шындығым. Әркім әртүрлі айтады ғой. Шын айтты, өтірік айтты деп. Аққа Құдай жақ! Осы кезде сабыр сақтайық, қалған жағында Алланың бұйырғаны болады, – дейді Қаржаубай Нұрымов. 

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, ол өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта қорғауда болғанын атап өтеді.   

– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.