Осы жылдың 6-7 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға іссапармен барып, Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөздер жүргізген еді. Екі тарап биылғы ақпан айында қол қойған құжаттардың қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Power International Holding»-тің энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдері бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Президенттің «Power International Holding» және Nebras Power компанияларының жетекшілерімен өткізген кездесулері туралы айтты.
– РІН «Самұрық Қазына» еншілес компанияларымен бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Олардың арасында «QazaqGaz» еншілес компаниясының екі газ құбыры және екі газ өңдеу зауыты бар. Біріншісі – «Ақтөбе-Қостанай» газ құбыры, келесісі –«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тармағы. Екі жобаны 2026 жылы іске қосамыз.
Қуаттылығы 1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты да 2026 жылы жұмыс істей бастайды. Екіншісінің қуаттылығы – 2,5 млрд текше метр,ол 2029 жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен бірге «Самұрық Энергия» еншілес кәсіпорны мен РІН холдинг Қызылорда облысында қуаттылығы 1,1 ГБ газ-электр станциясын салуда. Бұл жобаны 2029 жылы аяқтаймыз, –деді басқарма төрағасы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аса ауқымды жобаны өңірге орналастыру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі 280 гектар жер телімін резервке алғанын атап өтті. Оның 100 гектарына газ-электр станциясы салынады, қалған аумақ перспективалық жобаларды жүзеге асыру үшін белгіленген. Жаңа қондырғылар облысты электр энергиясымен толық қамтып, орталық және оңтүстік өңірлерге жіберуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен газ-электр станциясының құрылысы 2025 жылдың соңында басталып, 2028 жылдың аяғына қарай қолданысқа беріледі. Құны 800 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл – елге пайдасы өте зор, біздің облыстың дамуына жаңа серпін беретін жоба. Салыстырмалы түрде айтсақ, шыны зауытына тартылған инвестиция көлемі 42,1 млрд теңге болса, газ-электр станциясына 800 млрд теңге инвестиция салынады, – деді аймақ басшысы.