АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика мен Канаданы АҚШ-тың құрамына қосылуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«БІЗДІҢ ШТАТЫМЫЗҒА АЙНАЛСЫН»
Трамп бұл туралы NBC News телеарнасындағы бағдарламада айтқан. Ол егер бұл елдер АҚШ-қа заңсыз мигранттар мен есірткі ағынын азайтпаса, Канада мен Мексикадан келетін импортқа 25%-дық баж салығын енгізетінін, сондай-ақ екі елді АҚШ-тың субсидияларынан айыратынын айтты.
Біз Канадаға жылына 100 миллиард доллардан астам субсидия береміз. Мексикаға жылына 300 миллиард долларға жуық субсидия береміз. Бұл елдерді неге субсидиялап жатырмыз? Егер біз оларға субсидия беретін болсақ, олар біздің штатымызға айналсын, – деді Трамп.
БАЖ САЛЫҒЫН ЕНГІЗУ
Fox News мәліметінше, желтоқсан айының басында Трамп Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдоға Канададан келетін барлық тауарларға 25%-дық импорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын айтқан. Ал Трюдо Трампқа мұндай шаралар Канада экономикасын өлтіруі мүмкін екенін ескерткен. Жауап ретінде Трамп “қалжыңмен” Канаданы АҚШ-тың 51-штаты етіп, Трюдоны штаттың губернаторы болуға шақырған.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп қылмыскерлерді елден қуатынын жазған едік.