×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

Тек транзит емес: Трамптың жаңа бағытындағы Қазақстанның мүддесі қандай?

Бүгін, 15:50
Тек транзит емес: Трамптың жаңа бағытындағы Қазақстанның мүддесі қандай?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның Еуропаға шығатын тағы бір жолы пайда болуы мүмкін. Ол – Каспий, Әзербайжан, Армения және Түркия арқылы өтетін бағыт. Алайда Астана бұл бағытта Қытай контейнерлері өтетін аумақ қана болып қалғысы келмейтін сыңайлы. Нью-Йоркте Қазақстан Орта дәліз елдерін ортақ цифрлық сауда платформасына біріктіруді, оған теміржол және телекоммуникациялық жобаларды қосуды, сондай-ақ жаңа логистиканы аса маңызды минералдарды экспорттау үшін пайдалануды ұсынды. Ulysmedia.kz бұл жұмыстың бір бөлігі америкалықтармен әлдеқашан талқыланып келе жатқанын анықтады.

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында «Бейбітшілік арқылы өркендеу: Транскаспий сауда бағыты мен TRIPP-ке инвестиция салу» деп аталатын басқосу өтті. Атауы салақұлаш болғанымен, Қазақстан үшін бұл сөздердің астарында нақты әрі практикалық мәселе жатыр: Орталық Азиядан Еуропаға тауарды қалай тез әрі сенімді жеткізуге болады және жаңа көлік жүйесінде Қазақстан қандай рөл атқарады?

Мәселе маңызды әрі күрделі болғандықтан, кездесуге Каспий маңындағы елдер мен АҚШ өкілдері де келді. Қазақстан атынан президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова қатысты. АҚШ тарапынан Стив Уиткофф келді.

Жанасова Астананың талқыланып жатқан бағытқа жай ғана кезекті теміржол ретінде қарамайтынын жасырмады.

ҚАЗАҚСТАНҒА АРМЕНИЯ АРҚЫЛЫ ӨТЕТІН ЖОЛ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Алдымен Нью-Йоркте нақты не талқыланғанын түсіндіріп көрейік.

TRIPP, яғни Trump Route for International Peace and Prosperity жобасы Армения арқылы өтетін көлік дәлізін құруды көздейді. Ол Әзербайжанның негізгі аумағын Нахичеваньмен байланыстырып, одан әрі Түркияға және Еуропа бағыттарына жол ашуы тиіс. Бұл ретте Армения өз аумағындағы егемендігі мен юрисдикциясын сақтайды.

Бір қарағанда, Арменияның Қазақстанға қандай қатысы бар деген сұрақ туындайды. Алайда іс жүзінде олардың байланысы тікелей екені белгілі болды. Қазақстан қазірдің өзінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің негізгі буындарының бірі саналады. Қытай мен Орталық Азиядан шыққан жүктер Қазақстан арқылы өтіп, Ақтау және Құрық порттары арқылы Каспийді кесіп өтеді де, Әзербайжанға жетіп, одан әрі батысқа қарай жылжиды.

TRIPP осы жүйеге тағы бір бағыт қосуы мүмкін. Картаны барынша қарапайым етіп көрсетсек, бағыт мынадай:

Қытай – Қазақстан – Ақтау/Құрық – Каспий – Әзербайжан – Армения – Нахичевань – Түркия – Еуропа.

Демек, Қазақстан үшін мәселе Армения мен Әзербайжан арасындағы жолдың өзінде емес, Орта дәліздің батысқа шығатын тағы бір бағытының пайда болу мүмкіндігінде болып отыр.

МҰХИТҚА ШЫҒА АЛМАЙТЫН ЕЛ ЖОЛ ІЗДЕЙДІ

Жанасова Нью-Йоркте Астананың бұл жобаға неге соншалықты мән беретінін ашық түсіндірді.

Қазақстан – дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет. Сондықтан кез келген ірі экспорттық бағыттың жолы басқа мемлекеттердің аумағы арқылы өтуге мәжбүр. Сол себепті біз үшін балама бағыттардың көп болуы – география мәселесі ғана емес, экономикалық мәселе.

– Қазақстан үшін көлік бағыттарын өзара байланыстырудың маңызы зор. Себебі біз – дүниежүзілік мұхитқа шығатын жолы жоқ елміз. Байланыстылық – дамуымыздың негізгі факторларының бірі, – деді Жанасова.

Орта дәліз TRIPP жобасынсыз да жұмыс істеп тұр. Алайда оның әлсіз тұстары жоқ емес: Каспий порттарының мүмкіндігі, паромдардың саны, теміржол инфрақұрылымы, шекарадан өту жылдамдығы және бірнеше мемлекеттің әртүрлі кедендік жүйелері.

Сондықтан Қазақстан үшін Кавказ арқылы өтетін тағы бір бағыттың пайда болуы, ең алдымен, бір ғана жолға тәуелділікті азайтудың мүмкіндігі ретінде маңызды.

НЕ АЙТЫЛМАЙ КЕЛДІ?

Белгілі болғандай, бұл бағыт бойынша келіссөздер кеше ғана басталмаған.

Жанасованың айтуынша, Қазақстан соңғы бір жыл бойы америкалық серіктестерімен бірге жоба бойынша тығыз жұмыс істеген. Алайда бұл туралы көпшілік алдында айтылмаған.

Осы уақыт ішінде техникалық бағалау, алдын ала зерттеулер және басқа да дайындық жұмыстары жүргізілген. Яғни Нью-Йоркте Қазақстан америкалық жобаның таныстырылымын тыңдап, дипломатиялық қолдау білдіру үшін ғана келген жоқ. Біз қазірдің өзінде жекелеген мәселелерді техникалық тұрғыдан пысықтап жатқан қатысушымыз.

Оның үстіне Жанасова былтыр Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, көлік жобасын қолдағанын еске салды.

ҚАЗАҚСТАН НЕ ҰСЫНЫП ОТЫР?

Астана жаңа жолдар салу қажеттігі туралы сөзбен ғана шектелмейді. Қазақстанның нақты ұсынысы бар – дәліздің бірыңғай цифрлық сауда платформасын құру.

Логикасы қарапайым. Теміржол, автожол, порттар мен терминалдарға миллиардтаған қаржы жұмсауға болады. Бірақ әр мемлекетте құжаттар, рәсімдер мен ақпараттық жүйелер әртүрлі болса, контейнер бәрібір шекарада тұрып қалады. Сондықтан Қазақстан физикалық инфрақұрылыммен қатар цифрлық инфрақұрылымды да қатар дамытуды ұсынып отыр.

Жолдар мен теміржол желілері өзара жалғанғаннан кейін жүк бүкіл бағытты барынша жылдам өтуі керек. Ол үшін әр елдің кедендік және логистикалық процестерін цифрландыру және оларды өзара байланыстыру көзделеді.

Егер бұл идея әрі қарай дамитын болса, Қазақстан бүкіл дәліздің цифрлық архитектурасын құруға қатыса алады. Ал бұл жай ғана транзиттік ел рөлінде қалудан әлдеқайда ауқымды мүмкіндік.

ӨЗГЕНІҢ КОНТЕЙНЕРІН ӨТКІЗУМЕН ШЕКТЕЛМЕУ

Жанасованың сөзінен Қазақстанның өз рөлін кеңейтуге ниетті екені анық байқалады.

Теміржолымыз бар. Қазақстан оны салуға қауқарлы екенін еске салды. Жылжымалы құрам бар – елде теміржол өнімдерін өндіру жолға қойылған, сондай-ақ америкалық компаниялармен бірлесіп локомотив өндірісі де жергілікті деңгейде жүзеге асырылады.

Енді Қазақстаннан тыс жерлердегі инфрақұрылымды жаңғырту қажет – біздің компаниялар шетелдегі осындай жобаларға қазірдің өзінде қатысып жүр. Яғни бұл ұсыныстың астарында барынша прагматикалық есеп бар: егер Орта дәліз төңірегінде ауқымды құрылыс басталса, Қазақстан оған өз аумағын ұсынып қана қоймай, сол жұмыстарға өзі де белсенді қатысқысы келеді.

АСА МАҢЫЗДЫ МИНЕРАЛДАРДЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Теміржол туралы әңгіме кезінде тасада қалуы мүмкін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – аса маңызды минералдар.

Қазақстан соңғы жылдары осы саладағы жобаларды дамытып келеді. Ал Жанасова оларды көлік дәлізімен тікелей байланыстырды: мұндай өнімді сыртқы нарықтарға шығару үшін сенімді жеткізу жолдары қажет. Бұл жобаға Қазақстанның ғана емес, басқа тараптардың да неге қызығушылық танытып отырғанын түсіндіреді.

Батысқа апаратын жаңа жол – біздің аумағымыз арқылы транзитпен өтетін Қытай контейнерлеріне арналған бағыт қана емес. Бұл жолмен Қазақстанның өз экспорты да тасымалдануы мүмкін. Демек, ел үшін басты мәселе – өзгенің транзитінен қанша табыс табатынымыз ғана емес, өз өнімімізді сатудан қанша кіріс түсіретініміз.

ТАУАРМЕН БІРГЕ ДЕРЕК ТЕ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

Бірақ жоспар мұнымен шектелмейді.

Қазақстан Орта дәлізге тек теміржол мен автожолдардан тұратын тізбек ретінде қарауды ұсынбайды. Жанасова америкалық әріптестеріне оптикалық-талшықты байланысты дамыту туралы айтты.

Мұндай жағдайда бұл бағытпен тек тауар мен адамдар ғана жүрмейді – деректер де тасымалданады, дата-орталықтар мен басқа да цифрлық инфрақұрылым нысандарын құруға мүмкіндік туады. Қазақстан осы жобалардың барлығына қатысқуға мүдделі.

АЛ РЕСЕЙ ШЕ?

Орта дәліз туралы сөз болғанда тағы бір сұрақтың туындауы заңды.

Қытай мен Орталық Азиядан Қазақстан, Каспий, Кавказ және Түркия арқылы өтетін бұл бағыт жүкті Ресей аумағын айналып өтіп, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін бұл бағыттың Азия мен Еуропа арасындағы балама жол ретіндегі маңызы айтарлықтай артты. Алайда бүкіл жобаны тек Ресейді айналып өту әрекеті ретінде қарастыру тым қарабайыр түсінік болар еді.

Қазақстан үшін кез келген қосымша бағыттың құндылығы, ең алдымен, бағыттарды әртараптандыруында. Елдің экспорттық бағыттары мен өзге жүктерді транзиттеу мүмкіндігі неғұрлым көп болса, нақты бір бағыттағы қиындықтарға тәуелділік те соғұрлым азаяды.

Оның үстіне жаңа жоба бірден бірнеше тараптың – АҚШ, Армения, Әзербайжан, Түркия және Орталық Азия елдерінің мүддесіне қатысты.

Ресей мен Иранның да өңірде өз мүдделері бар.

Сондықтан TRIPP төңірегінде экономикамен қатар үлкен саясаттың да қатар жүруі заңды.

НЕГІЗГІ МҮДДЕ ҚАНДАЙ?

Географиялық орнымыз – бізге тегін берілген мүмкіндік. Қазақстан жаңа келісімдерсіз-ақ Қытай мен Еуропаның арасында орналасқан. Бірақ географиядан пайда табу мен картада жай ғана орналасудың арасы жер мен көктей.

Егер Қазақстан өзгенің контейнерлері өтетін аумақ қана болып қалса, әсері бір бөлек болады. Ал біздің порттарымыз, теміржолдарымыз, локомотив өндірушілеріміз, логистикалық компанияларымыз бен цифрлық жүйелеріміз Еуразияның ірі көлік бағытының бір бөлігіне айналса – әңгіме мүлде басқа.

Сондықтан Қазақстан TRIPP-ті Орта дәлізге қосуды ғана ұсынып отырған жоқ. Ол дәліз бойындағы елдердің инфрақұрылымдық жобаларын, инвестицияларын және цифрландыру жұмыстарын Түркия мен Еуропаға дейін өзара үйлестіруді көздейді.

Енді ауызға бірден іліне бермейтін, бірақ маңызы одан кем түспейтін тағы бірнеше мәселені шешу қалды: мұның бәріне қанша қаржы қажет болады, ақшаны кім салады, жобалардың қандай бөлігі қазақстандық компанияларға тиеді және Қазақстан тауарларын Еуропаға жеткізу қаншалықты жылдам әрі арзан болады?

Өйткені жаңа бағыттың Қазақстан үшін шынайы құндылығы шақырымдармен емес, нақты қаржылық нәтижемен және әлеммен сауда жасайтын жолды таңдау еркіндігімен өлшенеді.