Экс-судья Светлана Жолманованың ісі бойынша жәбірленушілердің мүддесін қорғайтын адвокат Радмир Өтепов қамауда отырған күдіктінің әлеуметтік желіде бейнежазбалар жариялауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
«Менің қорғауымдағы адамдардан бөлек, оның әрекеттерінен зардап шеккен тағы 45 адам бар. Бұл адамдардың кейбірі пәтерлері мен үйлерін кепілдікке қойып, үлкен несиелер алған. Біреулерінің шоттары бұғатталған, елден шығуға тыйым салынған немесе жүргізуші куәліктеріне шектеу қойылған. Қазіргі таңда жалпы шығын сомасы 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайды. Ал Светлана Жолманованың әлеуметтік желілерде жариялап жүргендерінің барлығы жалған. Оның айтқандары шындыққа жанаспайды. Менің сұрағым бар: ҚАЖК (Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) Светлана Жолманованың телефонға және интернетке қалай еркін қол жеткізіп отырғанын қалай түсіндіреді? Мұны бақылауға алыңыздар, сондай-ақ прокурорлық қадағалауды талап етемін», – деді адвокат.
Қазанда Светлана Жолманова екі айға қамауға алынған..
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
ІСТІҢ ТАРИХЫ
2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол бұл ақшаны ипотека рәсімдеу үшін жинағанын айтқан.Келесі жылы Жоламанова қылмыстық іс тоқтатылғанын айтып, қызметін қалпына келтіруге тырысқан. Бірақ 2023 жылдың 12 мамырында ол ресми түрде жұмыстан шығарылды. Енді міне, іс қайта жанданып жатыр.