Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшылығы ауысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Осыған орай туризм және спорт министрлігінде арнайы жиын өткен.
Отырыста Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынған. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы О.Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Министр Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетика федерациясын бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметовке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, президенттікке тағайындалған Ольга Рыпакованың қызметіне сәттілік тілеген.
«Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз», - деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Бұған дейін Даниал Ахметов жеңіл атлетика федерациясынан шұғыл отставкаға кететіні хабарланған.