Донецк облысындағы екі қала ауыр жағдайда, жақын арада оларды Путин әскері басып алуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КУРАХОВО
Германиялық BILD басылмының редакторы Кристофер Буль украиналық әскери сарапшыларға сілтей отырып, Кураховоның оңтүстігінде Украина Қарулы Күштерінің тобын қоршауға алу қаупі төніп тұрғанын айтады.
Киевтегі Бас штаб бұл аймақта қиян-кескі шайқастар жүріп жатқанын хабарлаған, бірақ ұрыстар туралы нақтырақ мәлімет бермеді.
ПОКРОВСК
45 км солтүстікте орналасқан Покровскіде жағдай одан да күрделі. Украиналық әскери күштер жуырда қаланың маңайындағы бірнеше позицияны жоғалтқанын мәлімдеген. Проресейлік блогер Юрий Подоляканың айтуынша, Ресей әскерлері қазір қаладан 1,5 км қашықтықта тұр, ал Покровскінің өзінде ресейлік диверсиялық-барлау бөлімшелері әрекет етіп жатыр.
Украина Қарулы Күштері үшін маңызды логистикалық торап болып саналатын Покровскінің құлауы Киев үшін соңғы айлардағы ең үлкен жеңілістердің бірі болар еді. Бұл қаланы басып алу Ресей әскерлеріне қарсыластың жабдықтау желілерін бұзып, шабуылды жалғастыруға мүмкіндік береді.