×
522.49
547.88
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
547.88
5.06

Ербол, Қайрат, Ләззат есімдері неге азайып барады

14.12.2024, 10:40
Ербол, Қайрат, Ләззат есімдері неге азайып барады
Ашық дереккөзден

Журналист Ербол Мәндібек кезінде танымал болып, бүгінде сиреп бара жатқан танымал есімдерге қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында Ербол деген есім азайып бара жатқанын жазады. Сондай-ақ Ләззат, Қайрат деген есімді де ешкім ескермейтін болғанын атап өткен. 1986, 1987, 1988-ші жылы осы үш ныспы өте көп қойылғанын айтқан ол Желтоқсан оқиғасына да тоқтала кеткен.

“Мысалы мен 1986 жылы ақпанда туғам. Әкем сияқты айдалада қыстақта мал бағатын шопандар өте көп. Солардың бәрі әйелдері ұл туса Ербол, Қайрат, қыз туса Ләззат деп атапты. Енді былай қарап көріңіз. 

Желтоқсан оқиғасын ақпараттық тұрғыда барынша бұрмалады. Оған сол кезде билікте болған өзіміздің қазақтар ат салысты. Газет, радио, теледидар тапсырыспен сайрады. Бұлар бүлікшілер, алқаштар, нашақорлар,  бұзақылар деді. Бірақ халық оған сенген жоқ”, дейді журналист. 

Мұндай жағдайға шыдамағандар тіпті күйіктен ішіп те кеткенін айтып өтіпті.

“Тіпті күйіктен ішіп кеткендер көп болған. Сөйлейін десе дәрменсіз. Қозғалайын десе қауіпті. Сөз таситын, сатқындық қылатын, қызмет үшін қиып жіберетін заман. Қазақтың қазаққа қылатын қастығы.

Желтоқсан жайлы ащы шындық жазылған газеттер жасырын тарап жатыр. Малшылар керзі етіктің қонышына тығып оқып жүр. Араларынан біреуі иттік қылды. Аудандық партияға айтып беріп, кеудесіне медаль тақты. Ал, сатқындықтың құрбаны маңдайының сорын еселеп алды.

Ауылдық, аудандық, қалалық, республикалық компартиядағы бастықтар кресло мен қара волганы қимайды. Олардың да ішкі ұяты мен ары маза бермей тұр. Бірақ, отбасының және қызметтің құны бәрінен қымбат”, деп жазды Е.Мәндібек. 

Ал Желтоқсан оқиғасына 40 жыл болса да халық әлі өзгермегеніне, мемлекеттің де қаржылық жағдайы кері кетіп бара жатқанына қынжылып отыр.

“Желтоқсан оқиғасына 40 жыл болып қалыпты. Біз өзгердік пе? Жылына 100 миллион тонна мұнай сатамыз. Алтын, күміс, мыс, мырыш, күріш, бидай бәрі бар. Бірақ, мемлекеттің мойнында 160 миллиард доллар қарыз бар. Қара халықтың мойнында 15 триллион кредит. Төрт күннен кейін Тәуелсіздік мейрамы. Бүгін перзентханаға бардым. Шығарып алатын сәбилердің тізімін жазып қойыпты. Арасында не Ербол, не Қайрат, не Ләззат жоқ… Кейде ойлаймын, қазағым, ұлтым, жерім деген бос сөз сияқты. Жеке бастың қамы әр заманда маңызды болған және солай болып қала беретін сияқты...”, деп сөзін түйіндеді журналист Ербол Мәндібек.