15 желтоқсан - бүгін Талғарда қала әкімінің сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КІМДЕР ҮМІТКЕР
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау 26 сайлау учаскесінде сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Талғарда барлығы 42 мың 774 сайлаушы тіркелген.
Талғар қаласының әкімі лауазымына үш үміткер таласып жатыр:
Арыстанбек Әбілқайырұлы, 41 жаста, Аmanat партиясының кандидаты. Талғар қаласы, "Талғар Тұрғын үй" ЖШС басшысы;
Кәденов Жәнібек Жанболатұлы, 33 жаста, Халық партиясының кандидаты. Талғар ауданы әкімінің аппараты ММ қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маманы, Талғар қаласы.
Рамазанов Әлібек Ғайсаұлы, 42 жаста, өзін-өзі ұсынған кандидат. Бесағаш ауылдық округі әкімінің аппараты ММ, Талғар ауданы әкімінің орынбасары.
Талғардың бұрынғы әкімі Бақыт Күрішбеков 15 қазанда кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған еді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.
Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.