Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қарашаның нәтижесі бойынша жалпы халықаралық резервтер 105 млрд долларды құрағанын хабарлайды, деп жазады Ulysmedia.kz.
СҮЛЕЙМЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Үкімет отырысына онлайн режимде қосылған Сүлейменов қарашаның нәтижесі бойынша жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 9,5%-ке өсіп, 105 млрд долларды құрағанын хабарлады.
– Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері жыл басынан 23%-ке артып, 44,2 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1,3%-ке ұлғайып, 60,8 млрд долларды құрады. Жыл басынан қорға түскен қаражат сомасы 3,7 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 5,3 трлн теңге болды. Ұлттық қордың инвестициялық табысы 9,5% немесе 5,7 млрд долларды құрады, – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық қорда қазір теңгемен есептегенде 33,26 трлн теңге бар. Биыл қордан 5,3 трлн теңге алынған.
ҰЛТТЫҚ ҚОР
Бұған дейін Ұлттық банктің баспасөз қызметі алдын ала өтінімдер бойынша қараша айында Ұлттық қордан 1,2-ден 1,3 млрд долларға дейінгі мөлшерде валюта сату жоспарланғанын хабарлаған еді. Үкіметтің қазіргі жұмыс қарқынымен Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуге болады дегенге сенесіз бе деген сұрақты бұдан бұрын Ulysmedia.kz тілшісі мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке қойған.
– Өте өзекті мәселе. Әрине, ол бірнеше факторларға негізделген. Ең біріншіден, түсімдер мен алымдар балансы. Түсім аз, алынып жатқан ақша көп. Тек инвестициялық табыстың арқасында жалпы сомасы өсіп жатыр. Сондықтан, салық кодексінің аясында жаңа әрі батыл шешімдер болмаса, онда осындай қауіп бар, – дейді ол.
ТАҒЫ ДА ТРАНСФЕР
Бүгін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров парламентке 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырған. Ол бойынша алдағы үш жылда Ұлттық қордан 2 трлн теңгеден алу көзделген. Осы отырыста Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын, жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – ұлттық қордың трансферттеріне сүйенетінін айтқан болатын.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуге тапсырма берген еді.